
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті 2021 жылғы маусымда арнайы экономикалық аймақтар (бұдан әрі – АЭА) қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.
Аудит барысында үлгілік қызметті жүзеге асыру туралы шарттар шеңберінде АЭА-ның 4 қатысушысы өз міндеттемелерін уақытылы және тиісінше орындамау фактілері анықталды.
Осыған байланысты «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аумағын басқарушы компаниясы» АҚ-на («Қорғас» ШЫХО» АЭА БК» АҚ) АЭА қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шарттарды бұзу рәсіміне бастамашылық етуге тапсырма берілді.
Есеп комитетінің тапсырмасын орындау үшін «Қорғас» ШЫХО» АЭА БК» АҚ АЭА 2 қатысушысы «Көркем-тау» ЖШС және «INTERNATIONAL CASTLE» ЖШС-пен шартты бұзды, «Хоргос-КАТ» ЖШС-не міндеттемелерді орындамау және шарт талаптарын бұзу туралы хабарлама жіберілді. Шарттық қатынастарды реттеу бөлігінде оң нәтижелерге қол жеткізілмеген жағдайда, АЭА қатысушысымен заңнамада белгіленген тәртіппен шарт бұзылады. АЭА қатысушысы «AKSA Invest Group» ЖШС «№ 4 Сауда-ойын-сауық павильоны» объектісін салып, пайдалануға берді және АЭА қызметті жүзеге асыру туралы қосымша келісім жасасу жоспарлануда.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі