
2021 жылғы маусымда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жер ресурстарының ұтымды басқарылуын, пайдаланылуын және қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ геодезия және картография саласындағы жер ресурстарының басқарылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.
Аудит барысында Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасы жер учаскесін жалдау шарттарына жер пайдаланушының жер учаскелерін беру туралы әкімдіктің қаулысында көзделген ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын алты ай мерзімде өтеу міндетін қоспайтыны, осыған байланысты жалға алушылардан шығындарды өтеп алмайтыны анықталған.
Бұдан өзге Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын өтеу сомаларын өнідіріп алу бойынша жұмыс жүргізілген жоқ, соның нәтижесінде республикалық бюджет кірісіне жалпы сомасы 76,9 млн. теңге өндірілмеген. Осыған байланысты Қарағанды облысының әкіміне:
- жер учаскелерін жалдау шарттарына жалға алушының ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын төлеу міндеттемелерін енгізбеуінен туындаған ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын республикалық бюджеттің кірісіне алуды бақылаудың болмауы мәселесін реттеу;
- Қарағанды облысы әкімдігінің жер қойнауын пайдаланушыларға жер учаскелерін беру туралы қаулыларында көзделген 2018-2020 жылдар кезеңінде 36,1 млн. теңге сомасындағы ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын республикалық бюджет кірісіне өнідіріп алу жөніндегі талаптарды орындау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.
Есеп комитетінің тапсырмасына сәйкес аудиторлық іс-шараның қорытындылары бойынша Бұзушылықтарды жою жөніндегі жұмыс жоспарына сәйкес жер учаскелерін жалдау шарттары Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 26 қыркүйектегі бұйрығымен бекітілген Үлгілік шартқа сәйкес жасалады, оған жалға алушының ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын төлеу жөніндегі міндеттемелері енгізілген. 2018-2020 жылдары ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындары бойынша республикалық бюджеттің кірісіне 36,1 млн.теңге өтелді.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі