Ағымдағы жылғы 10 қыркүйекте Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің аудиториясында онлайн-форматта Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 25 жылдығына арналған «Жаңа тарихи шындық жағдайындағы мемлекеттік аудит жүйесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараға Президент Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілдері, 27 шет елдің Жоғары аудит органдарының (ЖАО) өкілдері, соның ішінде Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Қырғызстан, Португалия, Эстония ЖАО-ның бірінші басшылары, БҰҰДБ, Азия даму банкі сияқты халықаралық ұйымдар, «Deloitte, KPMG, Ernst&Young» үлкен төрттіктің өкілдері, сондай-ақ 11 жоғары оқу орны мен 17 тексеру комиссиясының өкілдері қатысты.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, Ресей Федерациясы Есеп палатасының төрағасы Алексей Кудрин, Беларусь Республикасы Мемлекеттік бақылау комитетінің төрағасы Василий Герасимов, АЗОСАИ Бас хатшылығы, Қытай Халық Республикасы Ұлттық аудит офисінің аудиторлық зерттеулер институтының бас директоры Дзянг Дзянхуа және басқалар құттықтау сөз сөйледі.
Пленарлық сессия шеңберінде Есеп комитетінің Төрайымы Наталья Годунова «Қоғамның мемлекеттік қызметтер сапасына қанағаттануын және халықтың әл-ауқатын бағалаудағы әлеуметтік аудиттің рөлі» тақырыбында баяндама жасап, әлеуметтік аудитті енгізу мемлекеттік органдардың азаматтардың қажеттіліктеріне, әсіресе COVID-19 пандемиясымен байланысты өзгерген шындық жағдайында қажетті уақтылы ден қоюына негізделгенін атап өтті. Осы бағалаудың басты бағыты мемлекеттік қызмет көрсету сапасына, мемлекеттік органдардың ашықтығына және шағымдар мен ескертулерді қарау сапасына бағытталған.
Осыған байланысты, конференция барысында әлеуметтік аудитті азаматтардың мемлекеттік қызметтер сапасына қанағаттануын арттыруға бағытталған мемлекеттік аудит жүйесінің пәрменді тетігі ретінде жан-жақты қарау ұсынылды.
Конференция қорытындысы бойынша конференцияға қатысушылардың сөйлеген сөздерінен тұратын жинақ шығару жоспарланып отыр.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі