
2020 жылғы желтоқсанда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу тиімділігін, сондай-ақ дағдарысқа қарсы шараларға бағытталған қаражаттың пайдаланылу тиімділігін аралық бағалау бойынша мемлекеттік аудит жүргізді.
Аудит барысында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға бөлінген «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (бұдан әрі – Аграрлық несие корпорациясы) бюджеттік кредиттерінің ұзақ игерілу фактілері анықталды. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі»
АҚ-мен бірлесіп, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары басталғанға дейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінімдерін одан әрі қаржыландыру (кредиттеу) мақсатында оларды қарау және қалыптастыру тетіктерін айқындау жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
Есеп комитетінің тапсырмасын орындау үшін Аграрлық несие корпорациясы басқармасының 2021 жылғы 28 маусымдағы № 36 шешімімен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның өнім бағдарламалары бойынша нормативтер мен талаптарға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға арналған өтінімдерін алдыңғы қаржыландыру жылының 1 желтоқсанынан бастап қабылдауды жүзеге асыру қажеттілігі туралы талаптарды белгілеу бөлігінде өзгерістер енгізілді, сондай-ақ Аграрлық несие корпорациясының Басқарма Төрағасының 2021 жылғы 26 шілдедегі № 97-Ө бұйрығымен бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес бюджеттік кредит қаражатын тарту рәсімдері бойынша жол картасы бекітілді, ол бюджеттік кредит қаражатын қаржы жылының қаңтар-ақпанында бөлуді көздейді.