Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде жұмысқа орналасқан адамдар бойынша салық есептілігіне мониторинг жүргізілді

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде жұмысқа орналасқан адамдар бойынша салық есептілігіне мониторинг жүргізілді

2020 жылғы қарашада Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3-бағытының және Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасының іске асырылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Аудит барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбек министрлігі), жергілікті атқарушы органдар, Қаржы министрлігі және оның аумақтық бөлімшелері арасында «Еңбек» бағдарламасына қатысушылардың салықтарды төлеуіне мониторинг жүргізу бөлігінде үйлестірудің жоқ екендігі анықталды. Осыған байланысты, Еңбек министрлігіне ҚР Қаржыминінің Мемлекеттік кірістер комитетімен (бұдан әрі – МКК) бірлесіп салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуді және төлеуді қамтамасыз ету үшін Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде жұмысқа орналастырылған адамдар және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде құрылған әлеуметтік жұмыс орындары бойынша деректердің салық төлеушілердің салық есептілігінде көрсетілуіне мониторинг жүргізу тапсырылды.

Есеп комитетінің тапсырмасын орындау үшін Еңбек министрлігі МКК-мен бірлесіп 2020-2021 жылдарға тиісті мониторинг жүргізді. Нәтижесінде ЖЖК аясында 2020 жылдың қорытындысы бойынша 6 495 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып, 239 мыңнан астам адам, соның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 120,5 мың адам жұмысқа орналастырылғаны анықталды.

2021 жылғы 15 шілдедегі жағдай бойынша ЖЖК-ні іске асыру шеңберінде бюджет кірісіне қосымша 698,8 млн. теңге мөлшерінде салық төлемдері түскен.