Есеп комитетінде Қызылорда облысына бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудиттің алдын ала қорытындылары шығарылды

Есеп комитетінде Қызылорда облысына бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудиттің алдын ала қорытындылары шығарылды

А.ж. 19 тамызда бейнеконференцбайланыс режимінде Есеп комитетінің кезекті отырысы өтті, онда Қызылорда облысына бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындылары қаралды.

2017-2019 жылдар аралығында өңірдің жалпы өңірлік өнімінің көлемі 1431 млрд. теңгеден 1828,8 млрд. теңгеге дейін немесе 28%-ға артқаны атап өтілді.

Аумақты дамыту бағдарламасының іске асырылуын талдау 2017-2020 жылдарға жоспарланған 309 нысаналы индикаторлардың
70-і немесе 23%-ы орындалмағанын көрсетті.

Сонымен қатар, мемлекеттік аудитпен бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану кезінде жол берілген жекелеген кемшіліктер мен бұзушылықтар анықталды, олардың негізгі бөлігі Қызылорда қаласының әкімдігіне тиесілі. Мысалы, «Қызылорда қаласының кәріз сорғы станцияларын реконструкциялау және жаңғырту» жобасы бойынша ЖСҚ-да жабдықтың құнын ресми дистрибьютордың бағасынан 3 есе асатын құн бойынша 552,7 млн. теңгеге көтеру.

Аумақты абаттандырудың аяқталмауына байланысты 2020 жылы Қызылорда қаласында жалпы сметалық құны 1,04 млрд. теңге болатын 90 пәтерлік екі тұрғын үйге адамдар қоныстанбаған.

Өткен жылы нысанды іске қосудың белгіленген тәртібін жүргізбестен, құны 2,4 млрд. теңге болатын «Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалау бөлігін жылумен жабдықтау» жобасы бойынша нысан пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, сомасы 3,9 млрд. теңгеге «Жаңақорған ауданының Жаңақорған кентіндегі сумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялау және кеңейту» жобасының ЖСҚ әзірлеу кезінде сумен жабдықтауға қолда бар қажеттілік ескерілмеген. Нәтижесінде 31,5 мың адам жазғы кезеңде желілік (жеткізуші) құбырдың өткізу қабілетінің жеткіліксіздігі себебінен ауыз сумен толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Сондай-ақ, мемлекеттік аудит шеңберінде бюджет заңнамасы мен сәулет және құрылыс қызметі туралы заңнаманың сақталмағаны анықталды, мердігерлерге орындалмаған жұмыс көлемі үшін 17 жоба бойынша жалпы сомасы 497,5 млн. теңгеге ақы төлеу және 3 жоба бойынша уақытша ғимараттар мен құрылыстардан 24,2 млн. теңгеге қаражат қайтармау фактілері анықталды.

Республиканың барлық өңіріне тән екі жүйелі проблема бар – бұл бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнын көтеру және дәрілік заттарды есепке алу. Атап айтқанда, Қызылорда облысында өткізілген 30 жоба бойынша ЖСҚ құнын жалпы сомасы 854,6 млн. теңгеге көтеру белгіленген.

Бұл ретте, барлық жоба мемлекеттік және жеке сараптамадан өтен, бұл олардың сапасының төмендігін көрсетеді.

Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынымдар берді, Қызылорда облысының әкімдігіне анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою және қолданыстағы заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органдарға 36 бұзушылық фактісі бойынша материалдар жолданды.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі