ШҚО бойынша тексеру комиссиясы Есеп комитеті анықтаған бұзушылықтар бойынша аудит жүргізді

ШҚО бойынша тексеру комиссиясы Есеп комитеті анықтаған бұзушылықтар бойынша аудит жүргізді

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті 2020 жылғы қазанда жалпы сипаттағы трансферттерді және республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге берілетін нысаналы трансферттерді және дағдарысқа қарсы шараларға бағытталған қаражатты жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Аудиторлық іс-шараны жүргізу барысында жекелеген облыстар Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің және облыстардың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің қаулысын бұза отырып, қалалар мен аудандар әкімдерінің, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының жергілікті жолаушылардың автокөлікпен тасымалын (қалааралық, облысішілік, қалалық және қала маңындағы маршруттар) тоқтата тұруды қамтамасыз етпегені және теміржол көлігімен субсидиялар төлегені анықталды.  

Осыған байланысты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларына төтенше жағдай кезеңінде тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялауға бюджет қаражатын қаржыландырудың негізділігі және мақсатты пайдалану мәселелері бойынша мемлекеттік аудит жүргізу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Есеп комитетінің тапсырмасын орындау үшін Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы «Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ-де төтенше жағдай кезеңінде тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялауға, облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Мемлекеттік аудитпен 507 620,8 мың теңге көлемінде бюджет қаражаты қамтылды. Сомасы 11 136,8 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды (аудит барысында өтелген), 4 рәсімдік бұзушылықтар анықталды. Облысішілік теміржол қатынастарымен жолаушыларды тасымалдауды субсидиялауды жүзеге асыру кезінде бұзушылықтар анықталды. Жол берілген бұзушылық үшін Басқарманың бөлім басшысы - бас бухгалтері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 238-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 72,9 мың теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі