Халыққа бір текше метр ауыз су беру үшін төлем мөлшерін есептеу әдістемесі қайта қаралды

Халыққа бір текше метр ауыз су беру үшін төлем мөлшерін есептеу әдістемесі қайта қаралды

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті 2020 жылғы қазанда жалпы сипаттағы трансферттерді (ЖСТ) және республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге берілетін нысаналы трансферттерді, сондай-ақ дағдарысқа қарсы шараларға бағытталған қаражатты жоспарлау және пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Аудиторлық іс-шараны жүргізу барысында Ұлттық экономика министрлігі (ҰЭМ) 2017-2019 жылдарға арналған ауыз су беру қызметтерінің құнын субсидиялауға облыстық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттерді жоспарлау кезінде сомасы 20 967,0 млн. теңгеге шығыстарды негіздеудің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етпеу бойынша Бюджет кодексінің бұзылуына жол бергені анықталды.

Әкімшілердің 2017 – 2019 (ҰЭМ) және 2020 – 2022 жылдарға (ИИДМБ) арналған бюджеттік өтінімдерінде осы шығыстарды жоспарлау кезінде салынған, субсидиялаумен қамтылған жергілікті және топтық су құбырларының саны туралы қандай да бір ақпарат жоқ. Осыған байланысты бюджеттік бағдарлама әкімшілері 2017-2019 жылдарға және 2020 жылға ЖСТ көлеміне берілген 22 367,6 млн. теңге сомасындағы ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен сумен жабдықтау жүйелерін субсидиялаудың ашықтығын қамтамасыз етпеген, соның ішінде республикалық бюджет қаражаты - 1 929 млн. теңге.

Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде жүргізілген аудитпен 2019-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 1 929,0 млн.теңге сомасында және 2020 жылға арналған ЖСТ-ға енгізілген 1 965,5 млн. теңге сомасында қаражатты қосымша бөлуді сапасыз жоспарланғаны расталды.

Бұдан басқа, Республикалық бюджет комиссиясының 2016 жылғы       30 маусымдағы №16 шешімінде қолдау тапқан шығыстар сомасын облыстар бойынша бөлу туралы ақпарат жоқ, соның салдарынан қабылданған шешімдердің негізділігін бағалау мүмкіндігі болмады.

Бұл ретте ҰЭМ осы мемлекеттік аудит жүргізілгенге дейін сумен жабдықтау жүйелерін жергілікті және топтық жүйелерге жатқызу өлшемшарттарын айқындау жөніндегі әдістемені әзірлеу, ауыз су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялауды қаржыландыруды қайта қарау жөніндегі РБК-ның 2016 жылғы 30 маусымдағы №16 шешімін орындаған жоқ.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Үкіметіне субсидиялауға жататын сумен жабдықтау жүйелерінің объектілерін (жергілікті және топтық) іріктеу жөніндегі шарттар мен өлшемшарттарды айқындауды ескере отырып, ауыз су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау тетігін қайта қараудың орындылығын қарау ұсынылды.

ҚР Үкіметі Есеп комитетінің ұсынымы бойынша Ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын ерекше маңызды топтық және оқшау сумен жабдықтау жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтер құнын субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізді, оған сәйкес халыққа ауыз судың бір текше метрін беру үшін төлемақы мөлшерін есептеу әдістемесі қайта қаралды.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі