
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті 2021 жылғы мамырда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары (ҚМГ) активтерінің басқарылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.
Аудиторлық іс-шараны жүргізу барысында ҚМГ еншілес ұйымдарының жарғылық қызметінің мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған ҚМГ еншілес компанияларының бизнес-жоспарларындағы стратегиялық міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін айқындау кезінде формальды тәсіл фактілері анықталды.
Жекелеген еншілес компаниялардың бизнес-жоспарларының көрсеткіштерін тиімсіз жоспарлауы олардың едәуір асыра орындалуына алып келді.
Мысалы, «ҚМГ-Инжиниринг» ЖШС «Қорытынды пайда» жоспарлы көрсеткіші 2017 жылы 5 есеге, 2018 жылы 9 есеге, 2019 жылы 40 есеге асыра орындалды. «Қаз ТрансОйл» АҚ 2017 жылғы «Қаржылық кірістер» көрсеткіші 15 есе, 2018 жылы 8 есе, 2019 жылы жоспар 150 есе артық орындалды.
Аудит шеңберінде ҚМГ дивидендтік саясатының тиімділігіне жасалған талдаумен, сондай-ақ еншілес компаниялар үшін дивидендтердің мөлшерін барынша арттыруға қол жеткізе отырып айқындаудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған Дивидендтік саясаттың базалық қағидаттарын іске асыруға жүйелі тәсілдің жоқтығы анықталды.
Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға:
- көрсеткіштерді стратегиялық жоспарлау құжаттарымен байланыстыруды қамтамасыз ете отырып, еншілес ұйымдардың бизнес-жоспарларын жасау тәсілдерін жетілдіру;
- нақты ақша ағындары мен ақша қаражатының қалдықтарын негізге ала отырып, акционерге есептелуі тиіс жыл сайынғы дивидендтерді айқындау бөлігінде еншілес және тәуелді ұйымдарға қатысты дивидендтік саясатты түзету бойынша шаралар қабылдау тапсырылған болатын.
Есеп комитетінің тапсырмасын орындау үшін ҚМГ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес тәуелді ұйымдарының бизнес-жоспарлары мен бюджеттерін әзірлеу, келісу, бекіту және мониторингілеу қағидаларын бекітті, оның жаңа редакциясында еншілес ұйымдардың және тәуелді қоғамдардың, соның ішінде бірлесіп бақыланатын ұйымдардың және ҚМГ бірлескен кәсіпорындарының Бизнес-жоспарлары мен бюджеттерін әзірлеу, ұсыну, келісу, бекіту және олардың атқарылуын мониторингілеу тәртібі мен жауапкершілігі айқындалған. Сондай-ақ ҚМГ-ға тиесілі акциялар пакетіне және қатысу үлесіне дивидендтер төлеу мәселелері бойынша ҚМГ мен оның ЕТҰ арасындағы өзара қарым-қатынастарды жүзеге асырудың қағидаттары мен тетіктерін белгілейтін Дивидендтік саясат бекітілді.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі