«TURKISTAN» АЭА басқарушы компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы жауапқа тартылды

«TURKISTAN» АЭА басқарушы компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы жауапқа тартылды

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті 2021 жылғы маусымда арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Аудит барысында «TURKISTAN» АЭА басқарушы компаниясы» АҚ қызметінде бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды.

Осыған байланысты, Түркістан облысының әкіміне Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға жол бергені үшін «TURKISTAN» АЭА басқарушы компаниясы» АҚ басшысының жауаптылығын қарау жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Есеп комитетінің тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан облысы инвестиция және экспорт басқармасының 2021 жылғы 26 шілдедегі № 37 бұйрығымен «TURKISTAN» АЭА басқарушы компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Алтай Еркебекұлы Ордабеков «ескерту» түріндегі тәртіптік жауапқа тартылды.

 Есеп комитетінің баспасөз қызметі