
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті 2020 жылғы наурызда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның және оның еншілес компанияларының республикалық бюджет қаражатын және квазимемлекеттік сектор активтерін пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымдарының және оның еншілес компанияларының (Холдинг) функциялары мен міндеттерінің қайталануының бар-жоғына талдау жүргізу барысында халықты қолжетімді ипотекамен қамтамасыз ету үшін бір мезгілде бірнеше құрылым («ҚТҚЖБ» АҚ, «ҚИК» АҚ, «БД» АҚ) жұмылдырылғаны, бұл ретте әрқайсысының жеңілдікті шарттарымен өздерінің әзірленген ипотекалық бағдарламасы бар екені анықталды. Бұдан басқа, аудиторлық іс-шарамен республикалық бюджет пен Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудан Холдингті және оның еншілес ұйымдарын күтіп-ұстауға арналған шығыстардың 65%-ға, 2014 жылғы 27,8 млрд. теңгеден 2018 жылы 45,9 млрд. теңгеге дейін өскені байқалады.
Үш жыл ішінде (2017-2019 жылдар) Холдингтің қосымша штат саны 741 бірлікті құрады, бұл елдің жоғары басшылығының квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін, соның ішінде олардың әкімшілік шығыстарын азайту арқылы трансформациялау жөніндегі тапсырмаларына қайшы келеді. Бұл ретте, Холдинг компаниялары тобының 1 қызметкерін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстардың орташа мөлшері 2017 жылғы 1,2 млн. теңгеден 2019 жылы 1,7 млн. теңгеге дейін немесе 40%-ға ұлғайған.
Холдингті және оның еншілес ұйымдарын күтіп-ұстауға жыл сайын 30 млрд. теңгеден астам шығыстар бола тұра, негізгі қызметті жүзеге асыру үшін Холдинг тобы басқа ұйымдардың кәсіби қызметтерін пайдаланды, оларды төлеуге 5 жыл ішінде (2013-2018 жылдар) 20 млрд. теңгеге жуық жұмсалды.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Үкіметіне функциялардың қайталануын болдырмау мақсатында жалпыұлттық жоспардың 29-тармағы бойынша талдауды ескере отырып, Холдинг компаниясы тобын трансформациялауды жүргізудің орындылығы мәселесін қарау ұсынылды.
Қазіргі уақытта Холдингтің тұрғын үй блогы бойынша «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ еншілес ұйымдары «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ-ға біріктірілген. Банктердің құрылымын, бизнес процестерін оңтайландыруды ескере отырып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Отбасы Банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»АҚ болып қайта құрылды.
Сондай-ақ, әкімшілік шығыстарды қысқарту және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы компаниялар тобының корпоративтік құрылымын оңтайландыру мақсатында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және оның үш мамандандырылған даму институттарын «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қосу жолымен қайта ұйымдастыру жүзеге асырылды.
Бұдан басқа, Холдинг ағымдағы жылғы шілдеде Холдингтің орталық аппаратының штат санын 178-ден 120 бірлікке дейін қысқартуды және 2021 - 2023 жылдарға арналған жалпы әкімшілік шығыстарды оңтайландыруды көздейтін 5,5 млрд. теңге мөлшерінде 2017-2023 жылдарға арналған түзетілген даму жоспарын бекітті.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі