Тексеру комиссиялары Есеп комитеті анықтаған бұзушылықтар бойынша тексеру жүргізді

Тексеру комиссиялары Есеп комитеті анықтаған бұзушылықтар бойынша тексеру жүргізді

2020 жылғы қазанда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жалпы сипаттағы трансферттерді және республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге берілетін нысаналы трансферттерді және дағдарысқа қарсы шараларға бағытталған қаражатты жоспарлау мен пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Аудиторлық іс-шараны жүргізу барысында Білім және ғылым министрлігі «Білім туралы» Заңның 5-бабының 46-1) және 46-2) тармақшаларын бұза отырып, 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді (ЖСТ) есептеуге қажетті көрсеткіштерді айқындаудың негізділігі үшін Орта, техникалық және кәсіптік білім берудің жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаларын және Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін әзірлеу кезінде шаралар қабылдамағаны анықталды.

Сондай-ақ, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері мен Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысын бұза отырып, Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының әкімдері, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы темір жол көлігімен жергілікті жолаушылар тасымалын тоқтата тұруды қамтамасыз етпеді. Нәтижесінде, карантин кезеңінде (2020 жылғы сәуір-мамыр) «Балқаш-Саяқ» теміржол бағытындағы жолаушылар тасымалы үшін 11,1 млн. теңге көлемінде субсидия төленді. 20 ауданаралық (қалааралық, облысішілік) қатынас бойынша автокөлікпен тасымалдау үшін 31,4 млн.теңге мөлшерінде және Қарағанды қаласында қалалық және қала маңындағы бағыттар бойынша - 479,6 млн. теңге субсидия төленді.

Осыған байланысты, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларына мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын төтенше жағдай кезеңінде қаржыландырудың және бюджет қаражатын мақсатына сай пайдаланудың негізділігі мәселелері бойынша және тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялауға мемлекеттік аудит жүргізу бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Есеп комитетінің тапсырмасын орындау үшін 2021 жылдың 1 жартыжылдығында 2 өңірдің тексеру комиссиялары мемлекеттік аудит өткізіп,  қорытындыларын ұсынды:

Қарағанды ​​облысы бойынша

2018 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында және ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының 9 бөлімінде мемлекеттік аудитпен 12 247 714,0 мың теңге көлемінде бюджет қаражаты қамтылды, соның ішінде республикалық бюджеттен – 913 894,0 мың теңге.

Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 89 837,4 мың теңгені құрады, соның ішінде: қаржылық бұзушылықтар – 2 658,9 мың теңге; бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану – 87 178,5 мың теңге.

Мемлекеттік аудит барысында рәсімдерді орындау тәртібінің 73 бұзылуы, 19 жүйелі проблемалар мен кемшіліктер анықталды. Бюджетке 2 658,9 мың теңге өтелді.

Аудиторлық іс-шараның нәтижелері бойынша: Абай ауданының және Балқаш, Жезқазған, Қарағанды, Қаражал қалаларының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне ҚР заңнамасын бұзушылықтарды жою, қаржылық тәртіпті арттыру бойынша тапсырмалар мен ұсынымдар берілді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңына 19-баптың 2-тармағының заңнамалық нормасын қайта қарау бөлігінде толықтырулар енгізу жөніндегі мәселені қарау туралы ұсыныс жіберілді.

Павлодар облысы бойынша

Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде 3 негізгі объект және 19 үстеме тексеру объектілері, соның ішінде 10 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қамтылды. Жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында аудитпен қамтылған бюджет қаражатының жалпы көлемі 59 269,1 мың теңгені құрады.

Анықталған қаржылық бұзушылықтардың сомасы 2890,0 мың теңгені құрады, оның ішінде өтеуге жататыны - 2890,0 мың теңге. Рәсімдік бұзушылықтар –
6 бірлік.

Аудитпен мемлекеттік білім беру тапсырысының толық құнын төлеу бойынша мемлекет тарапынан міндеттемелерді орындағанына қарамастан, кейбір мектепке дейінгі жекеменшік балалар ұйымдары қызметкерлерге жалақыны толық төлемеу фактілеріне жол бергені анықталды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының орта білім беру саласындағы білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың тиімділігін бағалау қорытындылары, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде мектепке дейінгі жекеменшік білім беру ұйымдарының төтенше жағдай кезеңінде бюджет қаражатын пайдалануын тексеру нәтижелері қаржылық, сондай-ақ рәсімдік сипаттағы көптеген бұзушылықтар мен кемшіліктерді ашты.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі