Есеп комитетінде білім саласына жүргізілген аудиттің қорытындысы шығарылды

Есеп комитетінде білім саласына жүргізілген аудиттің қорытындысы шығарылды

Ағымдағы жылғы 1 шілдеде бейнеконференция байланысы режимінде Білім және ғылым министрлігінің басшылары мен өкілдерінің, сондай-ақ жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен Есеп комитетінің кезекті отырысы өтті.

Осы отырыста 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейін ғылымды, орта және жоғары білімді дамытуға бөлінген қаражаттың, квазимемлекеттік сектор активтерінің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелері қаралды.

Мемлекет басшысы жыл сайын өзінің Жолдауларында мектепке дейінгі білім беруден бастап жоғары оқу орнынан кейінгі білімге дейінгі барлық деңгейлерде білім беру сапасын арттыру қажеттігіне назар аударады.

2018-2019 жылдары педагог мәртебесі, оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін азайту мәселелері бойынша заңнамалық актілер қабылданды, ғылым саласының нормативтік құқықтық базасы өзекті етілді. Жоғары білім алуға қолжетімділікті кеңейту және оның сапасын арттыру бойынша жағдайлар жасалды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқу-әдістемелік база жаңартылуда, ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыс жүргізілуде, профессор-оқытушылар құрамының жалақысы арттырылды.

Мемлекеттік аудитпен 6 ЖОО: Қарағанды техникалық университеті, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қамтылды.

Аудит қорытындысымен еліміздегі білім беру саласының даму үрдістеріне әсер ететін жүйелі проблемалар анықталды, олар аталған отырыс барысында атап өтілді. Олардың ішінде:

  • цифрлық жабдықтар стандарттарына сәйкес келмеушілік, интернетке қолжетімділіктің шектеулі болуы және мектептердің әлсіз инфрақұрылымы. Мәселен, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 44 мектепте интернет мүлдем жоқ, 209 мектепте (көпшілігі шағын жинақты мектептер) интернетке кең жолақты қолжетімділік жоқ;
  • үш ауысымды және апатты мектептердің жұмыс істеуі. Мұндай мектептердің басым бөлігі оңтүстік және батыс өңірлерде: Алматы облысы (38 мектеп), Шымкент қаласы (17), Маңғыстау облысы (14), БҚО (8 мектеп) және Түркістан облысында (5) шоғырланған;
  • ерекше білім берілу қажеттілігі бар оқушыларды оқу процесіне енгізумен байланысты проблемалар бар, арнайы білімі бар педагогтерге және тиісті оқу-әдістемелік кешенге қажеттілік сақталуда;
  • қолданыстағы тетік ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасуына объективті және сапалы баға бермейді (олардың жұмысқа орналасуы мамандық бойынша емес, жұмыс орны бойынша атқарып отырған ұстанымын есепке алмағанда, зейнетақы аударымдарының болуы немесе болмауы бойынша бағаланады);
  • нақты мамандықтарға қажеттілікті ескере отырып, гранттарды бөлу әдіснамасында олқылықтар бар, бұл ЖОО түлектерінің мамандығы бойынша сәйкес келмейтін жұмысқа орналасуына алып келеді;
  • «Серпін» жобасы бойынша ауыл жастары арасынан шыққан азаматтарды оқыту және оларды еңбек күші тапшы өңірлерде жұмысқа орналастыру үшін квоталау құралы жеткілікті түрде тиімді емес және сұранысқа ие емес (2020 жылғы жобаның 2653 түлегінің ішінен 381-і (14%) ғана оқыған орны бойынша жұмысқа орналастырылған);
  • республикадан білім беру көші-қонының жоғары деңгейі сақталуда, бұл шетелдік жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің қайтып келмеу және зияткер қауымның кету қаупін тудырады.

Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берді.