Бүгін бейнеконференцбайланыс режимінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі басшылығының, Қаржы министрлігі, жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтар басшыларының қатысуымен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің кезекті отырысы болып өтті.
Аталған отырыста арнайы экономикалық аймақтардың 2017 - 2020 жылдар кезеңіндегі қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындылары қаралды.
Шет елдердегі сияқты Қазақстанның тиісті өңірлерінде арнайы экономикалық аймақтарды (АЭА) құрудың басты мақсаты тікелей инвестициялар тартуға, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті өндірістер құруға бағытталған.
Бұл үшін инфрақұрылымды, соның ішінде әлеуметтік объектілерді жетілдіру, рәсімдерді, логистиканы оңайлату, өткізу нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз ету, заңнама мен менеджмент жүйесінің тұрақтылығын сақтау арқылы қажетті жағдайлар жасау талап етіледі.
Біздің елімізде 2001 - 2019 жылдар кезеңінде 14: «Астана - жаңа қала», «Ақтау теңіз порты», «Инновациялық технологиялар паркі», «Оңтүстік», «Ұлттық индустриялық мұнай-техникалық технопаркі», «Сарыарқа», «Павлодар», «Қорғас-Шығыс қақпасы», «Тараз химиялық паркі», «Астана Технополис», «Қорғас шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы», «TURKISTAN», «Qyzyljar» және «Бурабай» АЭА құрылды.
Аудит деректері бойынша 2021 жылғы 1 қаңтарға АЭА-ға нақты тартылған инвестициялардың жалпы көлемі (өсу қорытындысымен) 4 261,8 млрд. теңгені құрады, соның ішінде 29% - өнеркәсіпке (1 236,3 млрд. теңге).
Бұл ретте квазимемлекеттік компаниялар АЭА өнеркәсібіне 807,2 млрд. теңге немесе АЭА-ның өнеркәсіптік жобаларына инвестициялардың жалпы көлемінің 65,2%-ы инвестициялады. Ал 2020 жылы АЭА-ға салынған шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі (өспелі қорытындымен) инвестициялардың жалпы көлемінің небәрі 8,9%-ын ғана (391,3 млрд. теңге) құрады. Осылайша, жеке инвестициялармен салыстырғанда мемлекеттік инвестициялардың басым болуы байқалады.
Аталған факт, сондай-ақ қолданыстағы нормативтік-құқықтық база, өндірістің және олардың көлемінің төмен технологиялық деңгейі, инвестициялардың өсуінің төмендеуі, экспорт құрылымының сипаты АЭА-ны құрудың негізгі мақсаттарына қол жеткізуді үйлестіруге жауапты уәкілетті мемлекеттік органдар қызметінің тиімсіздігін куәландырады.
Сонымен қатар, Есеп комитетінің отырысында АЭА-ға инвестициялар тартуға кедергі келтіретін жүйелі проблемалар аталып өтті, соның ішінде:
- кейбір АЭА аумақтары инфрақұрылымының төмен қамтамасыз етілуі;
- жер мен жеңілдіктер алуға байланысты қызметтерді ұсынуда ашықтықтың болмауы;
- ішкі өткізу нарығының шектеулілігі және ЕАЭО елдерінің нарығына кіру қиындықтары кезінде логистиканың халықаралық нарықтарға дейінгі жоғары құны;
- көптеген АЭА-ның жұмыс істеуінің аяқталу мерзімі жақындаған кезде ірі инвесторлар үшін өтелімділіктің шектеулі мерзімдері;
- өндірістік тізбектерді құру үшін көптеген АЭА-да негізгі жобалардың және нақты маманданудың болмауы;
- АЭА қызметі туралы ақпараттың ағылшын тілінде жоқтығы.
Жалпы, осы аудиттің қорытындысы бойынша Есеп комитеті 6,9 млн. теңгеге қаржылық бұзушылықтарды, 45,8 млрд. теңгеге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануын, 9,2 млрд. теңгеге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуын, сомасы 3,2 млрд. теңгеге экономикалық шығындар мен жіберіп алынған пайданы анықтады.
Отырыс қорытындысы бойынша Жоғары аудит органы Үкіметке, уәкілетті орталық және жергілікті атқарушы органдарға, арнайы экономикалық аймақтардың басқарушы компанияларына салалық нормативтік құқықтық актілерді жетілдіруге, АЭА-ның жұмыс істеуінің, бюджет қаражатын басқарудың және пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған ұсынымдар берді. Сондай-ақ, анықталған бұзушылықтарды жою, салалық заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау бойынша тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау жөніндегі уәкілетті органдарға - 6 материал, құқық қорғау органдарына - 1 материал жіберілді.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі