«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті» РММ-да салықтық және кедендік әкімшілендіру тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті» РММ-да салықтық және кедендік әкімшілендіру тиімділігіне  жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды

Есеп комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті» РММ-да салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Стратегиялық жоспары салық тексерулерін ырықтандыру бөлігінде Комитет қызметінің бағыттары бойынша Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының міндеттерімен декомпозицияланбағаны атап өтілді. Нысаналы индикаторлар шекарадан өту уақытын қысқарту, оңалту және банкроттық, сыртқы сауда статистикасындағы алшақтықтар проблемаларының кешенді сипаттамасын қамтамасыз етпейді.

Салық органдары қолданатын салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудың қолданыстағы шаралары мен тәсілдері жеткілікті дәрежеде өнімді және тиімді емес.

Банкроттық рәсімі 2020 жылы аяқталған кредиторлардың талаптары тиісті деңгейде қанағаттандырылмайды. Талаптар тек 16,9 млрд. теңгеге немесе салық төлеушілер берешегінің жалпы сомасының 2,3%-на ғана қанағаттандырылды (732,3 млрд. теңге).

Бюджетке салықтар мен басқа да төлемдерден банкроттық рәсімі 2020 жылы аяқталған салық төлеушілер берешегінің сомасынан 156 млрд. теңгенің 1,2-сі ғана түсті. Мемлекеттің жіберіп алған пайдасы 154,8 млрд. теңгені құрады.

Шоғырландырылған бюджетке салық түсімдері 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы жалпы ішкі өнімге шаққанда 17,3%-дан 14,2%-ға дейін төмендеді, бұл соңғы 15 жылдағы ең төменгі көрсеткіш болып табылады.

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша шоғырландырылған бюджетке салықтарды артық төлеу 2 756 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 32%-ға артық, бұл ретте артық төлеудің негізгі үлесі (2 030,3 млрд. теңге немесе 74%) республикалық бюджетке тиесілі. Осы кезеңде салықтық және салықтық емес төлемдер бойынша бересі өткен жылмен салыстырғанда 21,4 млрд. теңгеге ұлғайып, 239 млрд. теңгені құрады.

Есепті күндерге туындайтын бересі мен артық төлеу сомаларын азайту мақсатында мемлекеттік кіріс органдары оларды жалған төмендетуге әкеп соғатын айла-шарғы жасауды жүзеге асырады.

Салық кодексінің нормаларын қолдануда бірыңғай тәсілдің болмауы салық төлеушілерге оларды камералдық бақылау жөніндегі хабарламаны орындау процесіне тартудың орынсыздығынан көрінетін артық жүктемеге әкеп соғады.

Камералдық бақылау бойынша хабарламалардың мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету бойынша толыққанды құралдың болмауына байланысты салық төлеушілерге жіберілген орындалмаған хабарламалар бойынша сома 2020 жылы 470 млрд. теңгені немесе анықталған бұзушылықтар сомасының 25,3%-ын құрады. Бұл ретте «тірі ақшамен» өндіріп алу үлесі бұзушылықтар сомасының 4,4%-ына тең.

Салық органдарының бақылау жұмысының нәтижелері туралы статистикалық есеп (2-Н) дұрыс қалыптастырылмайды және салықтық тексерулердің тиімділігін бағалауға мүмкіндік бермейді.

Салықтық тексерулердің жұмысы бойынша мониторинг пен бақылаудың болмауы салдарынан 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тексеру актілері бойынша 865 млрд. теңге сомаға салықтық берешек пайда болды.

Талап қою мерзімінің өтуіне әкеп соққан тексерулер жүргізу мерзімдерінің ұзақтығына байланысты қосымша есептеу сомасы 16,5 млрд. теңгеге азайды, бұл түспеген салықтар мен кедендік төлемдер түріндегі бюджеттің экономикалық шығындары болып табылады.

Қылмыстық қудалау органдары мен мемлекеттік кірістер органдары арасында қозғалған қылмыстық істер шеңберінде берілген салықтық тексеру материалдарының мәртебесі бойынша салыстырып тексерудің болмауына байланысты, қылмыстық қудалау 2021 жылға дейін (2014-2020 жылдар)  тоқтатылған тексерулер материалдары бойынша 2020 жылғы бюджеттің болжамды шығындары 110, 7 млрд. теңгені құрады.

Ұлттық қордың көздерін қалыптастыруға қатысты заңнаманың сақталмауы 2020 жылы осы қорға сомасы 664 млрд. теңгеге қаражаттың толығымен түспеуіне әкелді.

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының «айна-қатесіз статистикасындағы» айтарлықтай алшақтықтардың орын алуы әлі де жалғасып отыр, проблема қазіргі уақытқа дейін шешілмеген. 2020 жылы статистикадағы алшақтықтар сомасы 5 320,3 млн. АҚШ долларын құрады, бюджеттің шартты экономикалық шығындары аудит барысында 348,3 млрд. теңге сомасында анықталды.

Он екі ақпараттық жүйе ақпараттық қауіпсіздік талаптары сақталмай қолданылады. Өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмеген 10 жүйені сүйемелдеуге 2020 жылы 938,1 млн. теңге бюджет қаражаты жұмсалды.

Жалпы, Есеп комитеті жүргізген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша 630,3 млрд. теңгеге ықтимал  экономикалық шығындар мен жіберіп алынған пайда,  рәсімдік бұзушылықтардың 14 фактісі және 12 жүйелі бұзушылық анықталды.

Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке, қаржы, энергетика министрліктеріне және қазынашылық комитетіне ұсынымдар берді. Мемлекеттік кірістер комитетіне анықталған кемшіліктерді, оларға  ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманың  бұзылуына жол берген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Мемлекеттік аудиттің жекелеген материалдарын құқық қорғау органдарына жіберу жоспарланып отыр.

 

Есеп комитетінің баспасөз қызметі