
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті 2019 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі қызметінің жекелеген бағыттары бойынша тиімділікке мемлекеттік аудит жүргізді.
Аудит барысында Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ақпараттық жүйелері интеграциясының, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден қызметтері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылдың болмауы салдарынан еліміздің кеден қызметінде Қазақстан аумағына уақытша әкелу мерзімі өткен халықаралық тасымалдардың шетелдік теміржол көлік құралдарының нақты болуы жөнінде анық ақпарат болмағаны анықталды.
Мәселен, осы себепке байланысты Кеден кодексінің 362-бабына сәйкес 2018 жылы халықаралық тасымалдардың 70 545 көлік құралы бойынша тасымалдаушылардан сомасы 5,2 млрд. теңгеге кедендік төлемдерді өндіріп алу мүмкін болмады.
Бүгінде Есеп комитетінің тиісті тапсырмасын орындау мақсатында «Астана-1» ақпараттық жүйесінде халықаралық тасымалдардың көлік құралдарын декларациялаудың кіші жүйесі әзірленді, 2020 жылы «Алтынкөл» және «Сарыағаш» кеден бекеттерінде сынақтан өтті. Ағымдағы жылғы ақпаннан бастап аталған кіші жүйе өнеркәсіптік пайдалануға ауыстырылды.