Парламент Сенатында «Квазимемлекеттік сектор: бюджет қаражатын пайдалану және активтерді басқару тиімділігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Парламент Сенатында «Квазимемлекеттік сектор: бюджет қаражатын пайдалану және активтерді басқару тиімділігі» тақырыбында  дөңгелек үстел өтті

Ағымдағы жылғы 27 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында Есеп комитеті өкілдерінің қатысуымен «Квазимемлекеттік сектор: бюджет қаражатын пайдалану және активтерді басқару тиімділігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.     

Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында айтылған тапсырмасы шеңберінде Есеп комитеті қазіргі уақытта квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджет қаражатын пайдалану және активтерін басқару тиімділігін бағалау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатқаны белгілі.

Есеп комитетінің мүшесі К.Ф. Плотников дөңгелек үстелге қатысушыларға Үкіметпен бірлесіп жасалған талдаудың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жүргізілген аудиттердің алдын ала қорытындыларын ұсынды.

Мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдаланудың себептері болып табылатын және нарықтық экономиканың дамуын тежейтін анықталған жүйелі проблемалар айтылды.

Есеп комитетінің квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін трансформациялау, атап айтқанда, стратегиялық жоспарлау, корпоративтік басқару, қарыз алу және дивидендтерді төлеу жүйесі мәселелерін реттеу,     сондай-ақ ұғымдық аппаратты жетілдіру және тиісті нормативтік құқықтық актілердегі коллизиялар мен олқылықтарды жою жөніндегі тиісті ұсынымдары талқыланды.

 «Есеп комитетінің пікірінше, аталған кезеңде ұсынылған кешенді шаралар мемлекеттік ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттырып, мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқартуға мүмкіндік береді және жеке кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететін болады. Жұмыс әлі жалғасуда. Барлық жұмыстың қорытындысын шығару шамамен ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған», - деп Есеп комитетінің мүшесі өз сөзін қорытындылады.

Есеп комитеті 2019 - 2021 жылдар аралығында жалпы 29 трлн. теңгені қамти отырып, 67 квазимемлекеттік сектор субъектілерінде барлығы 13 аудиторлық іс-шараларын өткізді. Қорытындысы бойынша сомасы 1 424 млрд. теңгеге бұзушылықтар анықталды (қаржылық бұзушылықтар – 70,6 млрд. теңгеге, оның ішінде 12%-і бухгалтерлік есепті бұзу; тиімсіз жоспарлау – 103,3 млрд. теңге және пайдалану – 1 244,7 млрд. теңге).