
Есеп комитеті 2017 жыл - 2020 жылғы 11 ай аралығында (жекелеген мәселелер бойынша 2009 жылдан бергі кезең қамтылды) «Samruk-Kazyna Construction» АҚ (бұдан әрі – Қоғам) активтерінің басқарылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын шығарды.
Қоғам «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы, үлестік құрылыс объектілерін аяқтау бойынша дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде жобаларды инвестициялауға бағытталған қызметті жүзеге асырған, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі шеңберінде бастамашылық жасалған «Жасыл орам» жобасын іске асырған.
2009-2020 жылдар кезеңінде Қоғам 1 633,3 мың шаршы метр үй-жайды пайдалануға берген.
Қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындысы бойынша Қоғам пайдасының 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы 25%-ға, 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы 42%-ға артқаны байқалды.
Сонымен қатар, аудит нәтижелері көрсеткендей, Қоғам қызметінде белгілі бір кемшіліктер мен жүйелік проблемалар бар.
Қоғамның ішкі нормативтік құжаттарының нормативтік құқықтық актілермен сәйкес келмеуі салдарынан кезекте тұрғандар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынған сомасы 733,5 млн. теңгеге 65 пәтер «Самұрық-Қазына» АҚ еншілес компанияларының қызметкерлеріне сатылған.
Сондай-ақ, кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген 8,5 млрд. теңге мөлшеріндегі қаражаттың мақсатына сай пайдаланылмауына жол берілген, бұл үйлер ЖАО-да кезекте тұрмаған адамдарға сатылған.
Қоғамның Жарғысында көзделген жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаны тұрақтандыруға жәрдемдесу функциясы әрдайым сақталмайды, өйткені Қоғам ең көп пайда табуды мақсат етеді.
Қоғамның 2017-2019 жылдардағы Бизнес-жоспарында көзделген стратегиялық бағыттарға қол жеткізу дәрежесінің тиімділігін талдау оның нашар орындалғанын көрсетті. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша қызметтің барлық 7 түйінді көрсеткіші орындалмаған, 2018 жылы 8 көрсеткіштің 4-і орындалмаған (50%), 2019 жылы 11 көрсеткіштің 8-і орындалмаған (73%).
Қоғамның ішкі стратегиялық құжаттарының өзара байланысы толық көлемде қамтамасыз етілмейді, себебі Қоғамның Бизнес-жоспарының көрсеткіштеріне елеулі өзгерістер енгізілген кезде Даму стратегиясы өзгеріссіз қалады.
Қаржы реттеушісінің лицензияларды қайтарып алуы себебінен қайтарылмаған екінші деңгейдегі банктерде орналастырылған 6,6 млрд. теңге сомасындағы қаражат тиімсіз пайдаланылған.
Самұрық-Қазына қорының бейінді емес еншілес (немерелес) компанияларын бәсекелес ортаға берудің бірыңғай тетігі жоқ, сол арқылы өткізілетін сату рәсімдерінің ашықтығы және тиісінше экономикалық пайда алу қамтамасыз етілмейді.
Қоғамның кадрлық құрамы тұрақты емес, мұны Қоғамның даму стратегиясының шекті мәніне сәйкес келмейтін кадрлардың тұрақтамауынан көруге болады.
Аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1,3 млрд. теңгеге қаржылық бұзушылықтар, сомасы 17,2 млрд. теңгеге активтерді тиімсіз пайдалану анықталды. Сондай-ақ, жүйелік кемшіліктер мен рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды.
Отырыс қорытындысы бойынша «Самұрық- Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен Қоғамға тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі