Мемлекеттік аудит объектілері бөлінісінде ауданаралық (қалааралық), қалалық (ауылдық), қала маңындағы және ауданішілік қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын ұйымдастыру жөніндегі жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша ақпарат

«Қостанай облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ

2023-2025 жылдары 268-005 бюджеттік бағдарламасы бойынша әлеуметтік маңызы бар ауданаралық (қалааралық облысішілік) маршруттарды субсидиялауға 518,7 млн. теңге жіберілді. Тексерілетін кезеңде субсидияланатын маршруттар саны 8-ден 12-ге дейін өсті, бұл жаңа маршруттардың ашылуына және қаржыландыру көлемінің өсуіне байланысты.

Бюджеттік қаржыландырудың ұлғаюына қарамастан, қабылданып жатқан шаралар облыс халқының көліктік қолжетімділігінің қажетті деңгейін қамтамасыз етпеді. Облыстың елді мекендерінің жартысына жуығы ғана тұрақты автобус қатынасымен қамтылған, бұл ретте жекелеген аудандарда тұрақты тасымалдар мүлдем жоқ (Жангелдин және Науырзым аудандарында). Жолаушылар ағынын талдау бірқатар маршруттар бойынша жүктеме бір рейске 1-ден 6-ға дейін жолаушыны құрайтынын көрсетті, бұл көлік құралдарын тиімсіз пайдалануды және маршруттық желіні оңтайландыру қажеттілігін көрсетеді.

Аудит экономикалық негізделген тарифтерді есептеу және субсидиялар мөлшерін анықтау кезінде бұзушылықтарды анықтады. Арифметикалық қателіктер, тасымалдау құнын есептеу кезінде жекелеген шығыстардың негізсіз қосылуы, сондай-ақ тарифтерді қалыптастыру кезінде пайдаланылатын бастапқы деректердің құжаттамалық растамасының жеткіліксіздігі жағдайлары анықталды. Анықталған кемшіліктер бюджеттік қаржыландыру көлемін негізсіз айқындау тәуекелдерін туғызады және есептеулердің дұрыстығына бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді.

Бұдан басқа, шарттық жұмысты ұйымдастыру және тасымалдаушылардың субсидиялау шарттары бойынша міндеттемелердің орындалуын бақылауды жүзеге асыру кезінде кемшіліктер анықталды. Қолданыстағы тәртіп нақты орындалған тасымалдау көлемі мен берілетін субсидиялар мөлшері арасындағы өзара байланысты толық көлемде қамтамасыз етпейді, бұл әлеуметтік маңызы бар маршруттарды мемлекеттік қолдау тетігінің тиімділігін төмендетеді.

Сауалнама нәтижелері бойынша облыстың 14 ауданының 238 тұрғыны халықтың тек 24,8% - ы автобус көлігін пайдаланатыны анықталды, ал респонденттердің 69,3% - ы тасымалдауды ұйымдастыру сапасын 1-ден 3 баллға дейінгі деңгейде бағалады. Негізгі проблемалар - автобус қатынасының болмауы, автобус сыйымдылығының жеткіліксіздігі, сирек рейстер және автомобиль жолдарының қанағаттанарлықсыз жағдайы.

«Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ

Тексерілетін кезеңде қалалық тасымалдарды субсидиялауға 17 831,4 млн.теңге жіберілді, бұл облыс бойынша субсидиялардың жалпы көлемінің 89% құрайды.

Тексерілетін кезеңде қалада 37 автобус бағытына қызмет көрсету ұйымдастырылды, тасымалдауды 8 тасымалдаушы жүзеге асырды, резервтік жылжымалы құрамды ескере отырып, жұмысқа 296 автобус тартылды.

Тексерілетін кезең ішінде бюджеттік бағдарлама көрсеткіштерінің сапалық жоспарланбауына байланысты тасымалданған жолаушылар саны бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілмеді: 2023 жылы орындалуы 84,2 %, 2024 жылы – 96,3 %, 2025 жылы – 98,9 %.

Тарифтерді қалыптастыру және субсидияларды есептеу тәртібін тексеру кезінде 193,9 млн.теңге сомасына бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға әкеп соққан бұзушылықтар анықталды. Жалпы сомасы 102,2 млн.теңгені құрайтын бухгалтерлік есеп бойынша қалпына келтіруге жататын дебиторлық және кредиторлық берешектің дұрыс көрсетілмеуінен көрінетін бухгалтерлік есептің бұзылуы анықталды.

Бұдан басқа, субсидиялау қағидаларының мынадай бұзушылықтары анықталды: шарттарда субсидиялаудың үлгілік шартында көзделген міндетті талаптардың болмауы; тариф 80-ден 100 теңгеге дейін ұлғайғаннан кейін шарттарға уақтылы өзгерістер енгізілмеуі; тасымалдаудың болжамды көлемдерінің және көлік құралдарының жүруінің болмауы.

Көліктік қызмет көрсету сапасын бағалау мақсатында аудит барысында «Alempay» ЖШС жол ақысын төлеудің автоматтандырылған жүйесінің деректерін пайдалана отырып, рейстерді орындаудың жүйелілігіне талдау жүргізілді. Жалпы, зерттелген маршруттар бойынша қозғалыс жоғары жүйелілікпен, автобустардың желіден жаппай түсуінің болмауымен және қозғалыс аралықтарының ең аз сыни бұзылуымен сипатталатыны анықталды. Рейстердің орындалуын талдау көрсеткендей, тасымалдардың жалпы жүйелілік деңгейі 91,5 % болған кезде жекелеген маршруттар 50% - дан аз жүйелілікпен орындалды, бұл тасымалдаушылардың қозғалыс кестесін жүйелі түрде бұзғанын көрсетеді.

Жылжымалы құрамның жай-күйін талдау автобус паркін жаңартуға қарамастан, көлік құралдарының жоғары тозу проблемасы өзекті болып қала беретінін көрсетті. 296 автобустың 140 бірлігі (47,5 %) 15 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді, бұл ретте жекелеген тасымалдаушыларда мұндай көліктің үлесі 100% жетеді, бұл халыққа көліктік қызмет көрсетудің сенімділігі мен сапасына әсер етеді. Сонымен қатар, соңғы жылдары қала тасымалдаушылары 139 жаңа автобус сатып алды, бұл автобус паркін кезең-кезеңімен жаңартуды бастауға мүмкіндік берді. Заң талаптарына қарамастан, автопаркті жаңартуды үш тасымалдаушы жүзеге асырмаған.

«Қостанай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ

Жолаушылар тасымалын субсидиялауға 318,8 млн. теңге жіберілді.

Ауданның 51 елді мекенінің тек 2-і ғана тұрақты автобус қатынасымен қамтылғаны анықталды, бұл халықтың көліктік қолжетімділігінің өте төмен екендігін көрсетеді.

Субсидияларды төлеу мерзімдерін бұзу салдарынан сомасы 2 823,5 мың теңге мөлшерінде сот шығындарын төлеуге қосымша шығыстар жіберілді, бұл бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану болып табылады. Сондай-ақ, мекеме 2023 жылғы қаңтардан 2024 жылғы наурызға дейінгі кезеңде жолаушыларды тасымалдау бойынша көрсетілген қызметтер бойынша бастапқы құжаттардың сақталуын қамтамасыз етпеген.

Аудит арқылы тасымалдауды резервтік қамтамасыз етуді ұйымдастыруда кемшіліктер анықталды. Бір мәлімделген резервтік автобус болған кезде оны мақсатына сай пайдалану мүмкіндігі болмады, бұл негізгі жылжымалы құрам істен шыққан кезде тасымалдардың істен шығу қаупін тудырды.

Бұдан басқа, жолаушылар мен жүкті тасымалдауға арналған тарифті жергілікті атқарушы орган бекітпегені және жергілікті өкілді орган келіспегені анықталды. Бұл ретте тасымалдаушы қолданатын есептік тариф экономикалық негізделген болып табылады, алайда оның мөлшерін регламенттейтін тиісті нормативтік құқықтық акт болмауы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру кезінде құқықтық тәуекелдер туғызады.

«Әулиекөл ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ

2024-2025 жылдары әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын субсидиялауға 141,7 млн. теңге жіберілді, оларды қаржыландырудың негізгі көзі облыстық бюджеттен трансферттер болды.

Тексерілетін кезеңде ауданда екі әлеуметтік маңызы бар маршрутты субсидиялау ұйымдастырылды (1 – ауылдық, 1 – ауданішілік). Сонымен қатар, аудит жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бюджет қаражатын жоспарлау кезеңінде де, тарифтерді есептеу және бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру кезінде де кемшіліктермен қатар жүретінін анықтады.

Бюджет қаражатын жоспарлау кезінде қаржыландыру қажеттілігін есептеу қажетті экономикалық негіздемелермен расталмаған. Бұдан басқа, бюджеттік өтінімді қалыптастыру кезінде маршруттардың бірінің ұзындығын дұрыс көрсетпеуге жол берілді, бұл есептік материалдарды дайындау сапасының жеткіліксіздігін көрсетеді.

Тарифті қалыптастыруды тексеру арқылы бөлім тарифті есептеу кезінде ескерілетін шығыстарды құжаттамалық растауды қамтамасыз етпегені анықталды. Жылжымалы құрамның құнын растайтын құжаттар, автобустардың меншік немесе жалға алу құқығында екені туралы мәліметтер, жанармай мен автомобиль шиналарына арналған прайс-парақтар, сондай-ақ үстеме шығыстарды есептеу болған жоқ. Бұдан басқа, әлеуметтік маңызы бар қатынастарды субсидиялау жөніндегі комиссияның жұмыс материалдары ұсынылмаған, бұл қабылданған шешімдердің толықтығы мен негізділігін растауға мүмкіндік бермеді.

Аудит сонымен қатар бекітілген тарифте жолаушылардың жеңілдетілген санаттарын тасымалдауға арналған шығыстар көзделмегенін анықтады. Тасымалдаушыға осындай төлемдердің тәртібі мен шарттарын регламенттейтін нормативтік құқықтық акт болмағанына қарамастан, тиісті шығыстарға өтемақы төленген, бұл бюджет қаражатын заңсыз пайдалану тәуекелдерін тудырды.

Бұдан басқа, аудит арқылы 1 322,4 мың теңге сомасына орындалмаған 26 рейсті төлеу салдарынан субсидиялардың артық есептелуі анықталды, бұл тасымалдаушының шарттық міндеттемелерді нақты орындауын бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді.

«Б. Майлин атындағы аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ

Жолаушылар тасымалын субсидиялауға 28,2 млн. теңге жіберілді.

Мемлекеттік аудит ауданда жолаушылар тасымалын ұйымдастыру облыстық бюджет қаражаты есебінен субсидияланатын бір әлеуметтік маңызы бар ауданішілік маршрут бойынша жүзеге асырылатынын анықтады. Сонымен қатар, аудит субсидияларды жоспарлау және беру бойынша жұмысты ұйымдастырудың, сондай-ақ тасымалдаушының шарттық міндеттемелерді орындауын бақылаудың жеткіліксіз деңгейін көрсететін бірқатар бұзушылықтар мен кемшіліктерді анықтады.

Тарифті есептеудің негізділігін тексеру кезінде отын шығысының жоғары нормативтерін қолдану және амортизациялық аударымдар нормасын 15% - дан 25% - ға негізсіз ұлғайту анықталды, бұл 1 066,0 мың теңге сомасына субсидияларды артық есептеуге және төлеуге әкелді.

Бұдан басқа, тасымалдауды ұйымдастыру кезінде заңнаманың жекелеген талаптарының сақталуы қамтамасыз етілмеген. Субсидиялау шарты үлгілік шарттың талаптарынан ауытқумен жасалды, маршрут схемаларында аялдама пункттері арасындағы қашықтық туралы мәліметтер жоқ, ал нақты қозғалыс схемасы бекітілген схемаға сәйкес келмейтіні: белгіленген үш аялдама пункттерінің орнына тасымалдаушы маршруттық құжаттамаға тиісті өзгерістер енгізбестен он төрт аялдамаға қызмет көрсетуді жүзеге асырғаны анықталды.

Аудит сонымен қатар резервтік көлік құралының жоқтығын анықтады, бұл негізгі автобустың техникалық ақаулары туындаған кезде тасымалдаудың бұзылу қаупін тудырады. Пайдаланылатын автобустың қызмет ету мерзімі 13 жыл, бұл ретте көлік құралы спутниктік навигация аппаратурасымен жарақтандырылмаған, бұл қозғалыс кестесі мен маршрутының сақталуын объективті бақылауды мүмкін етпейді.

Бұдан басқа, Бөлім субсидиялау шартын орындау бойынша тасымалдаушымен есеп айырысуларды жыл сайын салыстырып тексеруді қамтамасыз етпеген, бұл бюджет қаражатының пайдаланылуына ішкі бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді.

Аудит нәтижелері тарифтерді есептеудің негізділігін бақылауды күшейту, шарттық және маршруттық құжаттаманы заңнама талаптарына сәйкес келтіру, көлік құралдарын спутниктік навигация құралдарымен жарақтандыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ тасымалдаушының шарттар талаптарының орындалуын және бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды жетілдіру қажеттігін көрсетеді.

«Жітіқара ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ

Мемлекеттік аудитпен 2024-2025 жылдары әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын субсидиялауға 38,8 млн. теңге жіберілгенін анықталды. Бұл ретте тұрақты көліктік қатынас ауданның 17 ауылдық елді мекенінің бірі – Пригородное ауылымен ғана ұйымдастырылған, көліктік қатынаспен қамту 5,9% құрайды, бұл ауданның ауылдық елді мекендерінің көліктік қолжетімділігінің төмендігін көрсетеді.

Тарифті есептеудің негізділігін тексеру кезінде маршруттарға қызмет көрсету шығындарын айқындау кезінде нақты пайдаланылатын бензиннің орнына дизель отынының құны негізсіз қолданылғаны, көлік құралдарының жүріс көрсеткіштері, жанар-жағармай материалдарына, автомобиль шиналарына және жүргізушілердің жалақысына жұмсалатын шығыстар асырылғаны, сондай-ақ тасымалдаушы ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеген кезде қосылған құн салығы заңсыз қолданылғаны анықталды. Аталған бұзушылықтардың нәтижесінде 3 966,1 мың теңге сомасында артық субсидиялар төленген. Бұдан басқа, тарифтер аудандық мәслихатпен келісілмеген, ал әкімдіктің оларды бекіту туралы қаулысы қабылданбаған.

Жолаушылар тасымалын ұйымдастыруды тексеру барысында қозғалыс кестелері мен схемаларын бекіту бойынша талаптар сақталмағаны анықталды. Нақты қозғалыс схемасы аялдама пункттерінің саны бойынша да, маршруттың ұзындығы бойынша да бекітілгенге сәйкес келмеді. Бұл ретте тексерілетін кезеңде маршруттарды хронометраждық тексеру жүргізілмеді, бұл уәкілетті мемлекеттік мекеме тарапынан тасымалдау шарттарының сақталуына бақылаудың жеткіліксіздігін куәландырады.

Сондай-ақ, тасымалдаушы субсидиялау шарттарын орындау жөніндегі құжаттарды «Электрондық үкіметтің» веб-порталын пайдаланбай тек қағаз нысанда ұсынғаны анықталды, бұл мемлекеттік қызметтер және шарттық жұмыс саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келмейді.

Қарап-тексеру нәтижелері бойынша пайдаланылатын жылжымалы құрамның қызмет ету мерзімі үлкен және спутниктік навигация аппаратурасымен жабдықталмағаны анықталды, бұл қозғалыс кестесі мен маршруттарының сақталуын жедел бақылау мүмкіндігін шектейді.

«Арқалық қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ

Мемлекеттік аудит 2023-2025 жылдары әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын субсидиялауға 523,6 млн. теңге жіберілгенін анықтады. Қалада екі қалалық маршрутқа қызмет көрсету ұйымдастырылған, тасымалдауды екі тасымалдаушы жүзеге асырады. Сонымен қатар, аудит бюджет қаражатын жоспарлау, тарифтерді есептеу, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру және тасымалдаушылардың шарттық міндеттемелерінің орындалуын бақылауды жүзеге асыру кезінде бұзушылықтарды анықтады.

Тарифтерді есептеудің негізділігін тексеру кезінде тасымалдау құнына енгізілген жекелеген шығыстарды негізсіз асыра бағалау анықталды. Болжамды жолаушылар ағынын, көлік құралдарының жүрісін, жанар-жағармай материалдарына арналған шығыстарды, жүргізушілердің еңбегіне ақы төлеуді, амортизациялық аударымдарды негізсіз асырып көрсетуге, сондай-ақ лизингтік төлемдер мен көлік құралдарының амортизациясы бойынша шығыстарды қосарланған есепке алуға жол берілген. Көрсетілген бұзушылықтардың нәтижесінде төленген субсидиялар мөлшері 29 543,7 мың теңгеге асырылған.

Аудит әлеуметтік маңызы бар қатынастарды субсидиялау туралы шарттардың Субсидиялау қағидаларының талаптарын бұза отырып жасалғанын анықтады. Шарттарда тасымалдардың болжамды көлемдерін, субсидиялау сомаларын, болжамды жүрісті, негізсіз алынған субсидияларды қайтару және алынбаған қаражатты өтеу тәртібін көздейтін міндетті талаптар жоқ, бұл бюджет қаражатын беру кезінде мемлекет мүдделерін тиісті қорғауды қамтамасыз етпеді.

Жолаушылар тасымалын ұйымдастыруды тексеру маршруттық құжаттаманы жүргізудегі кемшіліктерді анықтады. Жекелеген маршруттар бойынша қозғалыс кестесінде барлық аялдама пункттері жоқ, қозғалыстың нақты схемалары бекітілгенге сәйкес келмеді, ал жүргізілген хронометраждық тексерулердің нәтижелері тиісінше ресімделмеген, бұл тасымалдаушылардың маршруттарға қызмет көрсету шарттарын сақтауын объективті бағалауға мүмкіндік бермеді.

Қозғалыс жүйелілігін талдау автобустардың желіге уақтылы шықпау жағдайларының едәуір санын көрсетті. 2024 жылы бұзушылықтар орындалған рейстердің 20,6%, ал 2025 жылдың I тоқсанында рейстердің 28,9% тіркелді. Ең көп ауытқулар демалыс және мереке күндері байқалды, бұл кезде маршруттың кешігуі бір сағатқа жетті. Сонымен қатар, автобустардың желіден шығу үлесі нормативтік деңгейден асып түсті, бұл тасымалдау процесін ұйымдастырудың тиімділігінің жеткіліксіздігін көрсетеді және халыққа көліктік қызмет көрсету сапасын төмендетеді.

Маршруттарды тексеру барысында тасымалдаушының барлық көзделген аялдама пункттерінде аялдамалардың орындалуын қамтамасыз етпегені, ал жекелеген жағдайларда қозғалыстың белгіленген жылдамдық режимінің асып кетуі тіркелгені анықталды. Тексерілетін кезеңде жылдамдықты асырудың 350 жағдайы тіркелді, олар бойынша тасымалдаушы үш рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мемлекеттік аудит объектілері бөлінісінде ауданаралық (қалааралық), қалалық (ауылдық), қала маңындағы және ауданішілік қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын ұйымдастыру жөніндегі жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша ақпарат
Дата публикации
29 июня 2026