2024–2025 жылдар аралығында Қостанай облысында мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың іске асырылуын талдау жалпы қаржыландыру көлемінің орташа өсуі (+3%) және үйірмелер желісінің кеңеюі (+8%) жағдайында балаларды қамту деңгейінің төмендегенін (-7,2%) көрсетті. Бұл бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің жеткіліксіздігін айғақтайды.
Үйірмелер санының артуы қатысушылар санының азаюымен қатар келесі жағдайларға алып келді:
•үйірмелердің орташа толымдылығының төмендеуіне;
•бір үйірмеге шаққандағы қаржыландыру көлемінің азаюына (-5%);
• бір қатысушыға жұмсалатын шығындардың өсуіне (+10,5%).
Аумақтық талдау қаражаттың негізінен облыс орталығы ретінде Қостанай қаласында, сондай-ақ Рудный және өзге де қалаларда шоғырланғанын растайды. Сонымен қатар аудандарда қаржыландыру деңгейі айтарлықтай төмен, бұл демографиялық және инфрақұрылымдық факторлармен түсіндіріледі.
Сонымен бірге, бір қатысушыға жұмсалатын шығындардың елеулі айырмашылығы (102,8 мың теңгеден 239,4 мың теңгеге дейін) бағдарламаны іске асыру тәсілдерінің біркелкі еместігін және ресурстарды бөлудегі ықтимал теңгерімсіздіктерді көрсетеді.
Бағдарламаның жекелеген аудандарда (Науырзым, Сарыкөл, Федоров) іске асырылмауы қызметтерге қолжетімділіктің аумақтық теңсіздігін қосымша айғақтайды.
Шығармашылық үйірмелер желісінің кеңеюіне және қаржыландыру көлемінің артуына қарамастан, қол жеткізілген нәтижелер балаларды қамту деңгейінің өсуін қамтамасыз етпеді.
Бюджеттік шығыстардың ұлғаюы мен қызмет алушылардың нақты қатысу деңгейі арасында сәйкессіздік байқалады, бұл бағдарламаны іске асырудың жалпы тиімділігін төмендетеді.
Қаражатты аумақтық бөлу жалпы алғанда халық санына сәйкес келеді, сонымен қатар үлестік шығындардағы айырмашылықтар мен бірқатар өңірлерде бағдарламаның іске асырылмауы аумақтық дамудың ерекшеліктерін және бағдарламаны іске асырудың ағымдағы жағдайларын көрсетеді.
Жалпы алғанда, бағдарлама инфрақұрылымды сандық тұрғыдан кеңейтуге бағытталғанын көрсетеді, алайда қамту деңгейі мен көрсетілетін қызметтердің сапасына бағдарланған неғұрлым тиімді басқаруға көшуді талап етеді.
Тексеру комиссиясының мүшесі Р. Байгабулов