Энергетика министрлігі жылыту маусымының өтуіне, жөндеу жұмыстарының уақтылы жүргізілуіне және энергетикалық инфрақұрылымды жүйелі жаңғыртуға ерекше назар аударып келеді. Биыл еліміздің электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандық пен 51 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның Петропавл ЖЭО-2 станциясында қысқы жүктеме кезеңінде қаланы жылумен және электр энергиясымен сенімді қамтамасыз етуге бағытталған жазғы жөндеу науқанының негізгі кезеңі аяқталды. Станцияда төрт қазандық пен бір турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізілді. Жақын уақытта тағы бір қазандық агрегатын күрделі жөндеу аяқталады деп жоспарлануда.
Осылайша, жылыту маусымының басында 10 қазандық агрегаты мен 7 турбоагрегат жұмыс істеп тұр. Бұл еліміздің солтүстік өңірлеріне тән төмен температура жағдайында жылу және электр энергиясын тұрақты өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар станцияда тұтынушыларға энергия беруге әсер етпейтін жоспарлы жөндеу жұмыстары жалғасуда.
ЖЭО-2 жабдықтарын жаңғырту алдағы жылдары да жалғасады. 2028 жылы № 4 қазандық агрегатын реконструкциялау басталады деп жоспарланған. Осы кезеңде № 2 қазандық агрегатының өнімділігі сағатына 220 тоннадан 240 тоннаға дейін ұлғайтылып, пайдалануға беріледі. Ал 2029 жылдан бастап № 3 турбоагрегатты реконструкциялау көзделіп отыр.
Станцияны жаңартудың маңызды бағыттарының бірі – түтін мұржаларын жаңғырту. 2024 жылы № 1 жаңа түтін мұржасының құрылысы аяқталып, ол пайдалануға берілді және қажетті технологиялық жүктемені қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі уақытта № 3 түтін мұржасын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Оны 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымында аралық кезеңде пайдалануға беру жоспарланған.
Энергетика министрлігінде Жақып Хайрушевтің төрағалығымен Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырысқа энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров қатысты.
Отырыс барысында мұнай-газ саласын дамытудың өзекті мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, қатысушылар кен орындарының сарқылу кезеңінде мұнай бергіштігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және оларды қолдану нәтижелерін талқылады. Сондай-ақ дәстүрлі емес көмірсутектерді, оның ішінде тұтқырлығы жоғары, ауыр және битумды мұнайды барлау және игеру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, НКОК, ТШО, ҚПО өкілдерінің ел ішіндегі құндылықты дамыту және отандық өндірушілердің мұнай-газ саласының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қатысуы жөніндегі баяндамалары тыңдалды.
Отырыс саланы дамыту, көмірсутек ресурстарын игерудің тиімділігін арттыру және қазақстандық өндірушілердің мұнай-газ жобаларына қатысу аясын кеңейту мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы уәкілетті органдары басшылары кеңесінің 14-отырысы өтті.
Отырысқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің энергетика министрлері қатысты.
Жиын барысында тараптар ЕАЭО аясындағы энергетикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, оның ішінде газдың, мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын, сондай-ақ электр энергиясының ортақ нарығын қалыптастыру мәселелерін қарастырды.
Ортақ энергетикалық нарықтардың жұмыс істеуіне арналған нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіруге, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ұстанымдарын келісуге және энергетика саласындағы интеграциялық үдерістерді ілгерілетуге ерекше назар аударылды.
Отырысқа қатысушылар алдағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасып, Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты нығайту үшін сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Отырыс еуразиялық энергетикалық интеграцияны дамыту және энергетика саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру жөніндегі бірлескен жұмыстың кезекті қадамы болды.
Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Александр Новакпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар отын-энергетика кешеніндегі екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективаларын, сондай-ақ энергетика саласындағы өзара тиімді іс-қимылды одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Ресей мен Қазақстан арасында стратегиялық әріптестік пен тату көршілік қарым-қатынастар қалыптасқан. Отын-энергетика кешеніндегі ынтымақтастық екіжақты күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі болып табылады және көпжылдық бірлескен жұмыс тәжірибесіне негізделген.
Кездесу соңында Ерлан Ақкенженов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Александр Новакқа II дәрежелі «Достық» орденін табыстады. Бұл награда қоғамдағы өзара келісімді сақтауға бағытталған жемісті жұмысы, екі халық арасындағы бейбітшілік, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді.
«Самұрық-Энерго» АҚ-ның цифрлық трансформациясы аясында жасанды интеллект технологияларын өндірістік қызметтің негізгі бағыттарына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Технологиялық шешімдер өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жабдықтардың техникалық жай-күйін диагностикалау, энергетикалық инфрақұрылымды бақылау және электр энергиясын өндіру көлемін болжау мақсатында қолданылады.
Компания нысандарында енгізіліп жатқан шешімдердің бірі – интеллектуалды бейнебақылау жүйесі. Ол бейнекамералардан түсетін ақпаратты нақты уақыт режимінде талдап, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жүйе жеке қорғаныс құралдарынсыз жүрген қызметкерлерді, қауіпті әрекеттерді және қауіпті аймақтарға кіру жағдайларын автоматты түрде анықтайды. Бұл өндірістегі ықтимал тәуекелдерді жедел анықтап, тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектіні қолданудың тағы бір маңызды бағыты – жабдықтардың техникалық ақауларын алдын ала анықтау. Екібастұз МАЭС-1-де машиналық оқыту технологиялары негізінде ақауларды анықтау жобасы іске асырылуда. Жүйе жабдықтың бұрынғы және ағымдағы жұмыс көрсеткіштерін саралап, қалыптан тыс өзгерістерді анықтайды. Осылайша ықтимал ақауларды ерте кезеңде байқап, жабдықтың істен шығу қаупін төмендетуге және жоспардан тыс тоқтаулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Энергетикалық инфрақұрылымды бақылауда ұшқышсыз ұшу аппараттары мен компьютерлік көру технологиялары да кеңінен қолданылуда. Дрондар нысандарды жоғарыдан түсіріп, алынған бейне және жылу түсірілімдерін жасанды интеллект көмегімен талдайды. Бұл тәсіл ақауларды жедел анықтаумен қатар, қызметкерлерді биіктікте атқарылатын қауіпті жұмыстарға тарту қажеттілігін азайтады.
Жасанды интеллект технологияларын қолдану бірқатар өндірістік операциялардың орындалу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, көмір қорларының көлемін есептеу мерзімі 10 күннен 20 минутқа дейін қысқарды. Электр беру желілерін, тіректер мен трансформаторларды тексеру уақыты 5-10 есеге азаяды. Түтін мұржаларын тексеру кезінде дрондарды пайдалану инспекцияны екі сағатқа дейін орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін бақылау кезінде аэротүсірілім нәтижелерін талдау арқылы ықтимал зақымдарды уақтылы анықтау мүмкіндігі қарастырылған.
Жасанды интеллектіні қолданудың тағы бір бағыты – жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясын болжау. Жүйе генерация көлемін 24-72 сағат бұрын болжау үшін метеорологиялық деректерді, сондай-ақ автоматтандырылған коммерциялық есепке алу жүйесі (АСКУЭ) мен SCADA жүйесінен алынатын ақпаратты пайдаланады.
Бұл шешімдердің тиімділігі жел электр станциялары үшін ерекше маңызды. Жел электр станцияларындағы генерация көлемі ауа райы жағдайларына, оның ішінде желдің жылдамдығына тікелей байланысты. Жобаның мақсаты – электр энергиясын өндіру көлемін болжау дәлдігін 80%-ға дейін арттыру, операциялық жоспарлау сапасын жақсарту және нақты генерация көлемінің болжамды көрсеткіштерден ауытқуын төмендету.
Жасанды интеллект технологияларын өндірістік процестерге енгізу «Самұрық-Энерго» АҚ-ның өндірістік қауіпсіздігін арттыруға, энергетикалық жабдықтардың сенімділігін қамтамасыз етуге, инспекциялық жұмыстардың тиімділігін арттыруға және энергетикалық активтерді басқару сапасын жақсартуға бағытталған.
Панфилов ауданындағы Жиделі, Ақарал, Қызылжиде, Керімағаш және Сарпылдақ ауылдарын газдандыру жұмыстары аяқталып, табиғи газды бастапқы қосу рәсімі жүзеге асырылды. Нәтижесінде 302 үйді газбен жабдықтауға мүмкіндік жасалды.
Жаңа тұтынушыларды газбен қамтамасыз ету үшін 52,8 шақырым газ құбыры тартылып, бір газ реттеу пункті және бес шкафтық газ реттеу пункті орнатылды. Газбен жабдықтау көзі ретінде Панфилов ауданында орналасқан «Жаркент» автоматтандырылған газ тарату станциясы пайдаланылды. Оның қуаты қосылған үйлерді сенімді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жиделі, Ақарал, Қызылжиде, Керімағаш және Сарпылдақ ауылдарын газдандыру Жетісу облысының газ инфрақұрылымын кеңейту жұмыстарының бір бөлігі болып табылады. Жалпы, жыл басынан бері Жетісу облысында Кербұлақ ауданының тоғыз елді мекені газдандырылды.
Мемлекет басшысының елді газдандыру деңгейін 80 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасы аясында «QazaqGaz Aimaq» АҚ Энергетика министрлігімен, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-мен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, газ тарату инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.
Орал қаласында ҚР Энергетика министрлігі мен Мұнай-газ машина жасау саласын дамыту халықаралық орталығы (IMBC) ұйымдастырған Мұнай-газ машина жасау форумы және ірі операторлардың ашық есік күні өтті.
Іс-шараға Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров, мемлекеттік органдардың, ірі мұнай-газ операторларының – ТШО, NCOC, КПО, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның, сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің өкілдері қатысты.
Форумда сөз сөйлеген Ерлан Акбаров Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандық өндірісті дамыту және ірі мұнай-газ жобаларының сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Саланың жалпы сатып алулар көлемінің шамамен 70%-ы үш ірі мұнай-газ операторы – ТШО, NCOC және КПО-ға тиесілі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл компаниялардың тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі шамамен 4%-ға өсіп, 2,8 трлн теңгені құрады. Бұл ретте қазақстандық қамту үлесі 56%-ға, яғни 1,6 трлн теңгеге жетті.
Вице-министр қазақстандық кәсіпорындардың ірі мұнай-газ жобаларының жеткізу тізбектеріне қатысуын кеңейту басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Осы мақсатта қазақстандық қамтуды дамытудың бесжылдық бағдарламалары іске асырылуда. Олар отандық өнімді сатып алу көлемін ұлғайтуға және жаңа өндірістерді жергіліктендіруге бағытталған нақты шараларды қамтиды.
Форум аясында отандық өндірушілердің өнімдері қойылған көрме ұйымдастырылды. Онда ірі операторлар жабдықтар мен материалдарға қатысты ұзақмерзімді қажеттіліктерін таныстырды. Қатысушылар техникалық талаптарды, сатып алу шарттарын және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту перспективаларын тікелей талқылауға мүмкіндік алды.
Ерлан Акбаров IMBC орталығының мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға қосқан үлесін де атап өтті. Бес жыл ішінде орталық ірі операторлар мен қазақстандық кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды буынына айналып, өндірісті жергіліктендіруге және отандық компаниялардың мұнай-газ жобаларына қатысуын кеңейтуге ықпал етті.
Форум барысында мұнай-газ операторлары мен отандық тауар өндірушілер арасында жалпы сомасы 320 млрд теңгеге жуық келісімшарттарға қол қою рәсімі өтті. Келісімшарттар өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі дамытуға және саладағы сатып алуларда қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар қазақстандық тауар өндірушілермен одан әрі ынтымақтастық орнату жөніндегі меморандумдарға қол қойылды.
Сондай-ақ министрлік жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыру және бекітілген бесжылдық даму бағдарламасы аясында Теңіз жобасы бойынша тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамтуды дамыту саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру туралы меморандум жасасты.
ице-министр жылына 2 000 бірлікке дейін арнайы техника мен автоцистерна шығаратын «ОралАгроРемМаш» АҚ-ның (шамамен 300 жұмыс орны) өндірістік қызметімен танысты. Кәсіпорында профильдерді дәнекерлеусіз біріктірудің бірегей технологиясы (LEGO әдісі) бойынша құрастырылатын өрт сөндіру машиналарына ерекше назар аударылды.
«West Oil» инжинирингтік компаниясы» ЖШС-ның өндірістік цехтарында мұнай мен газды коммерциялық есепке алу тораптарын, телеметрия жүйелерін, сондай-ақ еліміздің магистральдық құбыржолдарында қолданылатын қысым датчиктерін өндіру үдерісі таныстырылды.
Сондай-ақ вице-министр шамамен 900 адам жұмыс істейтін «ЗКМК» АҚ зауытында кәсіпорынның өндірістік қуаттарымен танысты. Зауыт көлемі 200 текше метрге дейінгі ірі габаритті технологиялық сыйымдылықтар мен сепараторлар шығарады. Сонымен қатар кәсіпорын General Electric компаниясының газ турбиналарына күрделі жөндеу жүргізу және оларға сервистік қызмет көрсету жөніндегі лицензиясына ие.
Ерлан Акбаров Энергетика министрлігінің басым міндеттерінің бірі ірі жер қойнауын пайдаланушылармен жасалатын 5-10 жылға арналған ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар арқылы отандық машина жасау кәсіпорындарын тұрақты тапсырыстармен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті қамтуды дамыту өндірістік қуаттарды кеңейтуге, технологиялар трансфертіне және қазақстандықтар үшін тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етуі тиіс.
#ҚРЭнергетикаМинистрлігі #Энергетика #МашинаЖасау #БҚО #Орал
Орал қаласы, 2026 жылғы 15 қазан. ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңір тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ол газбен жабдықтауды дамыту, жылу желілерін жаңғырту және Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу бойынша жаңа өндірістік қуаттарды құру жобаларын таныстырды.
Батыс Қазақстан облысы еліміздегі газдандыру деңгейі ең жоғары өңірлердің қатарына кіреді. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша облыс халқының 99,7%-ы, яғни 694 мыңнан астам адам 372 елді мекенде табиғи газбен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда.
2026 жылы Ақжайық және Теректі аудандарының, сондай-ақ Бәйтерек ауданының елді мекендерін газбен қамтамасыз ету мақсатында «Ростоши – Тайпақ» газ құбыры құрылысының бірінші кезегін жалғастыруға республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, Инфрақұрылымды дамыту қорынан облыстың газ және ілеспе инфрақұрылымын дамытуға бағытталған төрт жобаға 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
«Өңірде газдандыру деңгейі жоғары болғанымен, инфрақұрылымды одан әрі дамыту өзектілігін жоғалтпайды. Тұрғындар үшін үйлердің газбен және жылумен сенімді қамтамасыз етілуі маңызды болса, кәсіпорындар үшін өндірістік қызметті тұрақты жоспарлау мүмкіндігі маңызды. Сондықтан желілерді жаңарту және газ өңдеу қуаттарын дамыту министрліктің облыстағы жұмысының басым бағыттары болып қала береді», – деп атап өтті ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров.
Баяндамада Орал қаласының жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Биыл ТМ-2 жылу магистралін реконструкциялау жұмыстарын жалғастыруға республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Бұған дейін жобаны іске асыруды бастауға қажетті қаражат Үкімет резервінен бағытталған болатын.Сонымен қатар 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында Зачаганск кентіндегі №1 қазандықтан тартылған жылу желілерін реконструкциялауды бастауға 1,2 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл жобалар тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу берудің сенімділігін арттыруға бағытталған.
Өңірдің мұнай-газ кешенін дамытудағы ірі жобалардың бірі – Қарашығанақ кен орнында жылына 5 млрд текше метр шикі газ өңдейтін газ өңдеу зауытын салу. Қазіргі уақытта жобалау және құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ерте жер жұмыстарының басталуы 2027 жылға, ал кәсіпорынды пайдалануға беру 2031 жылға жоспарланған. Жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу ішкі нарыққа жеткізілетін тауарлық газ көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кен орнында газды кері айдауға арналған алтыншы компрессор бойынша іске қосу-баптау жұмыстары жалғасуда. Аталған жабдық газ өндіру деңгейін қалыпты ұстап тұруға арналған. Қазіргі уақытта компрессор сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Оны өнеркәсіптік пайдалануға көшіру 2026 жылғы қараша айына жоспарланған.
Вице-министр өңірді мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жанар-жағармай жеткізу мәселелері жөнінде де ақпарат берді. Күзгі дала жұмыстарына Батыс Қазақстан облысы үшін 11,2 мың тонна дизель отыны қарастырылған. Материалдар дайындалған кездегі жағдай бойынша оның 7,7 мың тоннасы жөнелтілген. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жанармай жеткізу өтінімдерге сәйкес басым тәртіппен жүзеге асырылуда.
Тұрғындармен кездесу аяқталғаннан кейін Ерлан Акбаров азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Облыс тұрғындары ауылдық елді мекендерді сапалы электрмен жабдықтау, жекелеген учаскелерді газдандыру және тарифтерді қалыптастыру мәселелерін көтерді. Келіп түскен барлық өтініштер ҚР Энергетика министрлігінің бейінді қызметтері тарапынан одан әрі пысықтау үшін бақылауға алынды.
Жұмыс сапары аясында вице-министр өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен танысу мақсатында «Орал «АгроРемМаш» АҚ, «West Oil» инжинирингтік компаниясы» ЖШС және «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ (БҚМЖК) өндірістік алаңдарын аралады. Вице-министр мұнай-газ саласына арналған жабдықтарды шығаратын технологиялық желілерді қарап, кәсіпорын басшылығымен өндірісті оқшаулау және отандық зауыттардың ірі операторлардың сатып алуларына қатысу үлесін арттыру мәселелерін талқылады.
Газбен жабдықтауды дамыту, жылу инфрақұрылымын жаңғырту және газ өңдеу көлемін ұлғайту ҚР Энергетика министрлігінің Батыс Қазақстан облысындағы жұмысының негізгі бағыттары болып қала береді. Аталған жобаларды іске асыру тұрғындарды энергия ресурстарымен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыруға және өңір экономикасының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Астанада «POWER TRENDS: МЭКС ұлттық жобасы және электр энергетикасы саласын дамыту жоспары. Қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер» конференциясы өтті. Іс-шараны «Energy Monitor» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Форум аясында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы: өтінімдерден нақты нысандарға дейін» тақырыбында пленарлық отырыс өтті. Оған Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев қатысты. Отырыс модераторы «Energy Monitor» қоғамдық қорының атқарушы директоры Нұрлан Жұмағұлов болды.
Отырысқа сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігінің, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ және «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ өкілдері қатысты.
Отырыс барысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру нәтижелері, сатып алу рәсімдерінен құрылыс-монтаж жұмыстарына көшу, 2027 жылға арналған жобалар портфелін қалыптастыру және жылу мен электр желілерін жаңғырту барысы талқыланды.
Ержан Ертаевтың айтуынша, ұлттық жоба аясында 1 600 шақырым жылу желісі мен 77 мың шақырым электр желісін жаңғырту көзделген. Бұл шараларды іске асыру 2029 жылға қарай жылу желілерінің орташа тозу деңгейін 52%-дан 42%-ға дейін, ал электр желілерінің тозу деңгейін 74%-дан 45%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Электр энергетикасы саласында Энергетика министрлігі электр желілерін жаңғырту және реконструкциялау бойынша 253 жобаны қолдады. Жаңғырту көзделген желілердің жалпы ұзындығы 11 683 шақырымды құрайды.
Жобалардың 139-ы іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде, 40 жоба бойынша сатып алу рәсімдері жүргізілуде, ал 74 жоба Министрлікпен келісілген. Жалпы құны 4,3 млрд теңгені құрайтын төрт жоба аяқталып, оның аясында 230 шақырым электр желісі реконструкцияланды.
Былтыр Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жалпы ұзындығы 104,2 шақырым электр желілерін реконструкциялау бойынша екі жоба іске асырылды. Биыл Астана мен Батыс Қазақстан облысында 131 шақырым электр желісі жаңғыртылды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 66%-дан 62%-ға дейін төмендейді.
Жылумен жабдықтау бағыты бойынша жалпы ұзындығы 356 шақырым жылу желісін реконструкциялауды көздейтін 128 жобадан тұратын портфель қалыптастырылды.
Қазіргі уақытта 51 жоба іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде, 12 жоба бойынша сатып алу рәсімдері жүргізілуде, ал 65 жоба Министрлікпен келісілген. Жалпы ұзындығы 31,9 шақырым жылу желісін қамтитын 16 жоба аяқталды.
Биыл Қарағанды, Теміртау, Петропавл, Талдықорған және Оралда магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жүргізілді. Жобаларды іске асыру нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 50%-дан 48%-ға дейін төмендеді. Бұл тұтынушыларды жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және апаттық жағдайлардың туындау қаупін азайтуға ықпал етеді.
Жылу және электр желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда және Энергетика министрлігінің ерекше бақылауында.