
2020 жылғы 14 мамырда Мемлекет басшысы ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану саласындағы азаматтық-құқықтық жауаптылық мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.
Заңмен Қазақстан Республикасында ядролық қондырғылардың жұмыс істеуі процесінде туындайтын, атап айтқанда ядролық қондырғы операторларының ядролық залал келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауаптылығы саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу көзделген.
1997 жылғы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 10 ақпандағы Заңымен ратификацияланды.
Вена конвенциясының басты идеясы ядролық оқыс оқиға туындаған жағдайда, қондырғы операторы келтірілген залалды өтеуге міндетті болып табылатындығында. Бұл ретте, оператордың ядролық залалды өтеу сомасының ең төменгі мөлшерін мемлекет айқындайды.
Заң жобасының басты мақсаты – ішкі заңнаманы Вена конвенциясына сәйкестендіру бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін іске асыру, ядролық технологияларға қол жеткізу арқылы атом саласын дамытуға жәрдемдесу және қаржылық қамтамасыз ету арқылы ядролық залал нәтижесінде зардап шеккен адамдарға ақшалай өтемақының берілуін қамтамасыз ету. ҚР қолданыстағы заңнамасына енгізілген түзетулер ядролық қондырғылар операторларының үшінші тұлғалар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар, Заңмен жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген ядролық залалды өтеуге байланысты талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзіміне қатысты нақтылау енгізіледі, ол он жыл болып белгіленеді. Жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына қатысты талап қоюдың ескіру мерзімі 30 (отыз) жыл болып белгіленеді. Ядролық оқыс оқиға болған күннен бастап отыз жыл өткен соң қойылған талаптар өткен уақыт үшін, бірақ талап қоюдың алдындағы үш жылдан аспайтын уақытқа қанағаттандырылады.