Ағымдағы жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің төрағалығымен Министрлік жетекшілік ететін салалардағы өндірістік қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңеске ҚР ТЖМ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері де қатысты. Өндірістік қауіпсіздік, кәсіпорындарда еңбекті қорғау саласында қабылданып жатқан шаралар мен жоспарлар туралы "ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ, "Қазатомөнеркәсіп" ҰК АҚ және "KEGOC" АҚ компанияларының өкілдері баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша Энергетика министрі А. Сәтқалиев компания өкілдеріне өндірістік қауіпсіздіктің барлық талаптары мен нормативтерін сақтау бойынша қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін, сондай-ақ қажетті еңбек жағдайларын қамтамасыз ететін шараларды қабылдау туралы еске салды.
Ұлттық компанияларға 25 желтоқсанға дейінгі мерзімде өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің озық тәжірибесін қолдану жөніндегі жоспарлар туралы ақпарат беру тапсырылды.
Энергетика вице-министрлеріне өндірістік қауіпсіздікті бұзу фактілері бар кәсіпорындарды бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Іс-шара барысында қатысушылар "Нөлдік жарақаттану – Vision Zero" тұжырымдамасын енгізу, өндірістегі технологиялық бұзушылықтарды талдау және жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына әсер ететін өндірістік тәуекелдерді болдырмау, өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін арттыру жөніндегі жоспарларды талқылады.