А. Сәтқалиев энергетика саласының қызметкерлерін Республика күнімен құттықтады

А. Сәтқалиев энергетика саласының қызметкерлерін Республика күнімен құттықтады

Бүгін Энергетика министрі А. Сәтқалиев ҚР ұлттық меркесі – Республика күніне арналған салтанатты шараға қатысты.

Республика күніне орай, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Президентінің жарлығымен отызға жуық сала қызметкерлері марапатталды.

Алмасадам Майданұлы салтанатты жиынға қатысушыларды құттықтап, олардың қызметіне сәттілік тіледі.

«Тәуелсіздікті алған жылдардан бастап, ел экономикасын дамытуға мұнай-газ, атом және энергетика саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің қосқан үлесі зор.  Энергетика саласын одан әрі қарқынды дамыту, ел игілігіне еңбек ету жолындағы барша әріптестеріміздің қызметіне табыс, отбасына амандық тілеймін», - деді министр.   

Министр энергетика саласындағы ұзақ жылғы сіңірген табысты еңбегі үшін бірқатар сала ардагерлері мен қызметкерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары ІІІ дәрежелі «Барыс»,  «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы»  орденімен марапаттады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің және өзге де бірнеше алғыс хаттар марапат иелеріне табысталды.