Қазақстанда мұнай өндіруші компанияларды қолдау үшін бірқатар шаралар қарастырылуда

Қазақстанда мұнай өндіруші компанияларды қолдау үшін бірқатар шаралар қарастырылуда

Бұл туралы бүгін, 18 мамырда, энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты, деп хабарлайды  ҚР ЭМ Баспасөз қызметі.

Мағауовтың айтуынша, Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мұнай-газ саласын қолдау шаралары жөніндегі ұсыныстар топтамасын пысықтауда.  Аталған топтамаға салық, экология және әкімшілік сипаттағы өзге де шаралардың 60 тармағы кірді.

 

Мемлекеттік органдардың қарауы қорытындылары бойынша:

1) жеңілдіктер алу мақсатында, кен орындарын рентабельділігі төмен және тұтқырлығы жоғары санатқа жатқызу бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың жаңадан алынған өтініштерін Ведомствоаралық комиссияда жеделдетіп қарау;

2) барлау кезеңінде (жер қойнауын пайдаланушылар және олардың мердігерлерінің  кенжатындарды (кенжатындар жиынтығы) сынама пайдалану бойынша операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын ТЖКҚ-ны сатып алуын қоспағанда) конкурс өткізбей, көмірсутектерді барлау кезеңінде жер қойнауын пайдаланушыларға ТЖКҚ жеткізушілерін тарту құқығын беру;

3) адал жер қойнауын пайдаланушыларды олардың мердігерлерінің жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуі кезінде пайдаланылатын ТЖКҚ-ны сатып алу қағидаларын бұзғаны үшін жауакершілікке тарту бойынша тәуекелдерді төмендету тетігін пысықтау;

4) кәсіпорынның жаңа талаптарға сәйкес келуі үшін айтарлықтай шығындарға алып келетін, жоспарланып отырған жаңа Экологиялық кодексті қабылдауға байланысты экономикалық ынталандырудың барабар шараларын қарастыру;

5) кейінгі жылға көшіру мүмкіндігімен қолданыстағы Табиғат қорғау шараларының 2020 жылға арналған жоспарын түзетуді көздеу;

6) қоршаған ортаға эмиссия үшін қолданыстағы рұқсатқа енгізілген табиғат пайдалану шарттарын орындауды 2021 жылдың соңына дейін кейінге қалдыру бойынша шаралар қолдау тапты;

7) Жұмыс бағдарламаларын ауыстыру бойынша – ҚР Үкіметі Энергетика министрлігіне мүдделі министрліктермен бірлесіп жер қойнауын пайдаланушылардың 2020 жылға арналған өтініштері бойынша келісімшарттық және лицензиялық міндеттемелерді орындау мерзімдерін, сондай-ақ айыппұл санкцияларын қолданбастан кейінгі жылдарға арналған жұмыс бағдарламаларын ауыстыру мүмкіндігін пысықтау жөнінде тапсырма берді.

 

- Ұсынылған шаралардың кейбірі талқылау кезінде қанағаттандырылды не тиісті мемлекеттік органдардан түсінік тапты. Қалған тармақтар бойынша мұнай-газ саласындағы қалыптасқан дағдарыстық жағдайға қатысты тиімділігін және өзектілігін талдау бойынша жұмыс жүргізілуде. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің ережелеріне, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзге де негіздемелеріне қайшы келетін, дағдарысқа қарсы болып табылмайтын шаралар қолдау таппады, - деді Мағауов.