
2023 жылғы 28 шілдеде «Қазақстан темір жолы» АҚ мұнай жүктерін теміржол көлігімен тасымалдау жөніндегі Жедел штабтың онлайн отырысы өтті.
Отырысқа ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов, темір жолдың өңірлік бөлімшелерінің өкілдері мен басшылары, «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ, «Petrosun» ЖШС, Атырау, Павлодар және Шымкент МӨЗ және ЖҚС ірі желілерінің («Helios», «PetroRetail», «Sinooil», «Газпромнефть-Казахстан» және «Gas Energy») маркетинг қызметкерлері қатысты.
Отырысқа қатысушылар мұнай өңдеу зауыттарында (МӨЗ) жанар-жағармай материалдарын өндіру және тиеп-жөнелту жоспарларын ескере отырып, теміржол құрамдарын қалыптастыруға байланысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Сондай-ақ Ерлан Ақкенженов қатысушылардың назарын МӨЗ-ден мұнай базаларына және ЖҚС-қа (жанармай құю станциясы) дейінгі ЖЖМ-ды теміржол көлігімен тасымалдайтын бағытты қамтамасыз ету мәселелеріне аударды. Өйткені МӨЗ-дің өндірістік жоспарлары, сондай-ақ ЖҚС мен ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің түпкілікті тұтынушыларының қамтамасыз етілуі ЖЖМ уақтылы жеткізілуіне байланысты, бұл әсіресе ЖЖМ ең жоғары тұтыну кезеңінде өте маңызды.
«Қазақстан темір жолы» АҚ мәліметінше, қазіргі уақытта АИ-92, АИ-95 және дизель отыны бар вагон-цистерналардың жолда орташа бос тұру уақыты бір тәуліктен аз, бұл жақсы көрсеткіш болып табылады.
Жедел штаб отырыстары жүйелі негізде өткізілетін болады, онда өңірлерге ЖЖМ жеткізудің шұғыл мәселелері қаралады, өйткені жеткізу тізбегінің жолға қойылған логистикасы МӨЗ, мұнай базалары мен ЖҚС тұрақты жұмысының маңызды буындарының бірі болып табылады.