Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі

⚡️  Мемлекет басшысы:

 

«ЕКІНШІ. Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр. Яғни, ел экономикасының құрылымы – қарапайым. Шын мәнінде, бізге қарқынды даму үшін күрделі, әртарапты экономикалық құрылым қажет. Әрине, шикізат нарығындағы әлемдік бәсекеде біздің өз артықшылығымыз бар. Қазіргі және стратегиялық міндеттерді орындау үшін оны тиімді пайдалану қажет. Сондықтан осы саланы одан әрі дамыта беру керек.

 

Бірақ жер қойнауын пайдалану саласында ондаған жыл бойы қордаланған проблемалар аз емес. Геологиялық барлау жұмыстарының ойдағыдай жүргізілмеуі тау-кен өнеркәсібін өркендетуге  кедергі келтіріп отыр. Минералды шикізат базасын толықтыру қарқыны бәсеңдеп барады. Оның үстіне қазір игеріліп жатқан кен орындарының қоры сарқыла бастады.

 

Қазба байлықты тиімді және үнемді пайдалану қажет. Ол үшін заңнаманы жақсартып, рәсімдерді жеңілдету керек. Геологиялық барлау және кеніштерді игеру ісіне инвестиция тарту айрықша маңызды. Үкімет пен Парламент осы салаға қатысты нақты шаралар әзірлеуге тиіс»

 

«Былтыр тауар газының тапшылығына тап болдық. Бұл жағдай бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіре жаздады. Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін нарықты газбен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн.

 

Жалпы, төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ.

 

Қазіргі уақытта зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифпен жылытатындар үшін жаңа жүйе бойынша газдың текшеметрі қымбатырақ болуға тиіс. Әлеуметтік әділдік дегеніміз – осы.

 

Қолда бар шикізатты пайдалану тиімділігін арттыру маңызды. Күнделікті тұрмыста да, мемлекет деңгейінде де үнемдеп үйрену керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Оның өзектілігі қазіргі күрделі геосаяси ахуал жағдайында күшейе түсті.

 

Өндірісте де, тұрмыста да газды арзан екен деп бей-берекет жаға беруге болмайды. Мұны доғару керек. Үкімет Тауар газының энергетикалық тиімділігін арттыру және оны үнемді пайдалану жоспарын әзірлеуі қажет»

 

«ҮШІНШІ. Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр.

 

Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек.

 

Қазір Мәжілістің қарауында электр энергетикасына қатысты үш заң жобасы жатыр. Депутаттық корпус заңнамадағы тиісті өзгертулерді шұғыл түрде қарап, қабылдауға  тиіс. Коммуналдық желілердің әбден тозу салдарынан барлық өңірде дерлік қайта-қайта апат болып жатыр. Көптеген қалада жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі инфрақұрылымдардың тапшылығы қатты байқалады.

 

Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет.

 

Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс. Сонымен бірге 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет»

 

Дерек көзі: t.me/aqorda_resmi