Қазақстанда энергия беруші ұйымдарды ірілендіру тетігі анықталды

Қазақстанда энергия беруші ұйымдарды ірілендіру тетігі анықталды

Бұл туралы бүгін, 25 ақпанда, ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді,-деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің Баспасөз қызметі.
Ведомство басшысының баяндамасына сәйкес өңірлік электржелілік компанияларды ірілендіруге бағытталған «Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам Ұлт жоспарының» 51-қадамын жүзеге асыру жалғасуда. Бүгінгі таңда энергия беруші ұйымдарды ірілендіру үшін кезең-кезеңмен енгізілетін талаптар белгіленді.

Қабылданған шаралар талаптарға сәйкес келмейтін энергия беруші ұйымдарды өзара немесе өңірлік электр желілік компаниялармен біріктіру арқылы ірілендіру, сондай-ақ электр энергиясын беру жөніндегі қызметін тоқтату үшін ынталандыруға бағытталған.
Күтілетін нәтиже – энергия беруші ұйымдар санын 30%-ға, яғни 162-ден 110-ға дейін қысқарту.
Сондай-ақ, иесіз желілердің ұзындығы 2017 жылы 2 350 км-ден 2019 жылы 225 км-ға дейін (2125 км-ға) қысқарғаны атап өтілді. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар жүргізген жұмыстар шеңберінде жаңа иесіз объектілерді анықтауда. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көрсетілетін қызмет сапасының артуы байқалады. 51- қадамды орындау ұзақ мерзімді сипатқа ие және түпкілікті нәтижелерге 2023 жылы қол жеткізілетін болады.
Бұдан басқа, Нұрлан Ноғаев «Электр энергетикасы саласын қайта ұйымдастыру. «Бірыңғай сатып алушы моделін» енгізу» 50-қадамының және «Электр энергетикасы секторында салаға инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф саясатын енгізу» 52- қадамының орындалу барысына тоқталды.
50-ші қадам шеңберінде электр қуаты нарығында Бірыңғай сатып алушы құрылды. Бірыңғай сатып алушы ретінде «Жаңартылатын көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС компаниясы анықталды.
52-ші қадамды орындау үшін 2015 жылғы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды.
Заңға сәйкес 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электр энергиясы нарығымен қатар электр энергиясын өндіру секторының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етуге бағытталған электр қуаты нарығы жұмыс істей бастады.
Нәтижесінде, 2019 жылы электр энергиясын өндіру секторына 62 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды.