
2022 жылғы 19 тамызда Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы (МЖҚҚББ) бекітілді, оған көмірсутектер бойынша 84 жер қойнауы учаскесі енгізілді.
Қазіргі таңда жер қойнауы құқығын алуға мүдделі барлық тұлғалар аукцион өткізуге арналған өтінішті «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ электрондық аукциондар операторының сайтында бере алады (сілтеме: www.gosreestr.kz).
Ескертпе:
Мемлекет басшысының геологиялық ақпараттың ашық цифрлық дерекқорын құру және оған инвесторлардың қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін алдағы аукцион шеңберінде сайтта қойылатын жер қойнауы учаскелері бойынша қайталама геологиялық ақпаратқа gosreestr.kz сайтында ашық қолжетімділік қамтамасыз етілді.
Бұл опция Экология, геология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болды.
Аукцион негізінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын берудің шарттары мен тәртібі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 93-99-баптарында және Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының интернет-ресурсын пайдалана отырып, электрондық нысанда аукцион өткізу қағидаларында (ҚР Энергетика министрлігінің 2020 жылғы 30 шілдедегі №269 бұйрығы) көзделген.
Аукцион толығымен автоматтандырылған, яғни ашықтықты қамтамасыз ету үшін тек электронды форматта өткізіледі.
Аукцион өткізуге арналған өтініштер Кодекстің 94-бабының 1-тармағына сәйкес Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына аукцион бөлігінде енгізілген жер қойнауы учаскелері бойынша қабылданады (сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/documents/details/341469?lang=kk).
Құзыретті орган көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға мүдделі тұлғалардан аукцион өткізуге берілген өтініштерді қарау қорытындылары бойынша құзыретті органның сайтында көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукцион өткізу туралы хабарламаны (бұдан әрі – Хабарлама) жариялайды. Хабарламада географиялық координаттар, қол қойылатын бонустың бастапқы мөлшері, барлау кезеңінде жер қойнауы учаскесіндегі жұмыстардың көлемі мен түрлері бойынша ең төменгі талаптар және олардың бағалау құны туралы ақпаратпен, сондай-ақ аукционға қатысуға өтініштер беру мерзімдері, аукционды өткізу күні мен уақыты туралы ақпаратпен танысуға болады.
Жер қойнауы учаскелері бойынша аукционға қатысуға мүдделі болған жағдайда, жер қойнауын пайдалану құқығын алуға мүдделі тұлғалар хабарламада көрсетілген өтінішті берудің соңғы мерзімінен кешіктірмей, сауда жүйесі арқылы электрондық құжат форматында құзыретті органға әрбір мүдделі учаске бойынша ЭЦҚ-мен куәландырылған аукционға қатысуға қалыптастырылған өтінішті жіберуі тиіс.
Өтініштерді қалыптастыру және беру үшін жеке және заңды тұлғаларға электрондық-цифрлық қолтаңба қажет екенін қосымша хабарлаймыз.
2021 жылғы 1 желтоқсаннан бастап көмірсутектерді барлау және өндіру құқығына арналған онлайн-аукциондарға қатысуға ниет білдірген әлеуетті шетелдік инвесторлар Қазақстан Республикасының 10 шетелдік мекемесінде (Абу-Даби, Бішкек, Вашингтон, Мәскеу, Нью-Йорк, Санкт-Петербург, Сеул, Стамбул, Прага, Майндағы Франкфурт) жеке тұлға ретінде «бір өтініш» қағидаты бойынша ЖСН мен ЭЦҚ ала алады.
Шетелдік мекемелердің мекенжайлары мен телефондары ҚР Сыртқы істер министрлігінің сайтында «Қазақстанның шетелдік мекемелері» деген бөлігінде қолжетімді.
Қазақстан Республикасының аталған шетелдік мекемелерінің бірінде «бір өтініш» қағидаты бойынша көрсетілген қызметті алу үшін:
- паспортты (түпнұсқа, жеке басын сәйкестендіру үшін);
- паспорттың электрондық көшірмесін (pdf форматында);
- ТАӘ-нің кириллицаға, қажет болған жағдайда латын әліпбиіне нотариалды куәландырылған аудармасының электрондық көшірмесін (pdf форматында);
- USB-flash жинақтағышын (ЭЦҚ кілтін сақтау үшін) ұсыну қажет (консулға).
Қызмет көрсету мерзімі – 2 жұмыс күні, тегін.
Осы баспасөз хабарламасы Энергетика министрлігі өткізетін жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционға қатысуға ниет білдірушілердің барлығын хабардар ету мақсатында жарияланады.
Барлық мәселелер бойынша мына телефондарға хабарласуға болады:
8 (7172) 78-68-95, 78-69-48.