Қазақстан жүйелі және кезең-кезеңмен энергетикалық көшуге ерекше мән береді

Қазақстан жүйелі және кезең-кезеңмен энергетикалық көшуге ерекше мән береді

2022 жылғы 2 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында «ECOJER» екінші халықаралық конгресі өтті.

 

ECOJER «Green Life Better» Конгресінің шеңберінде Энергетика министрлігінің атынан вице-министр Әсет Мағауов «Энергетикалық көшу саласындағы халықаралық ынтымақтастық» тақырыбында және Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Талғат Қарашев «Баламалы энергия көздерін дамыту» тақырыбында сөз сөйледі.

 

Әсет Мағауов өз сөзінде Энергетика министрлігі Қазақстанның энергетикалық секторының ерекшеліктерін ескере отырып, жүйелі және кезең-кезеңмен энергетикалық көшуге ерекше мән беретінін атап өтті. Экономиканың өндіру, мұнай-газ-химия сияқты бірқатар секторларында көміртегі бейтараптығына қол жеткізу цифрландырудың озық технологияларын, сондай-ақ экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған «жасыл» инновацияларды енгізу арқылы ғана мүмкін болады.

 

Ұлттық заңнама баламалы энергия көздерінің қарастырылған түрлері үшін елеулі өзгерістер мен өзектендіруді талап етеді. Бүгінгі таңда «Баламалы энергия көздерін дамыту туралы» заң жобасына тұжырымдама мен «Баламалы энергия көздерін дамыту туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу шеңберінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер біріктіріліп, баламалы энергия көздерін, оның ішінде үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, жаңартылатын энергия көздерін реттеудің тиімді жүйесі ұсынылатын болады, - деді Талғат Қарашев өз баяндамасында.

 

Қазақстан Республикасының энергия теңгеріміндегі ЖЭК-ті қоса алғанда, баламалы энергия көздерінің үлесі 2050 жылға қарай 50% - ды құрауы тиіс.

 

Сондай-ақ, Конгресс барысында экологиялық реформа, су ресурстарын басқару жүйесін жаңғырту, ұлттық экономиканы декарбонизациялау, баламалы энергия көздерінің жаңа нарығын қалыптастыру, сондай-ақ экономиканы тұрақты даму қағидаттарында трансформациялау мәселелері талқыланды.