
Үкімет басшысы №2 «Көкшетау Жылу» МКК аудандық қазандығының жұмысын тексерді. Өндірістік қуаты шамамен 300 Гкал/сағ қазандық 1998 жылы пайдалануға берілген.
Премьер-Министр жылыту маусымында Көкшетаудың жылу көздерінде технологиялық бұзушылықтар тіркелгенін атап өтті. Сондай-ақ ауыз судың сапасы бойынша да проблемалар болды.
«Жылумен қамтамасыз ету – Көкшетау қаласы үшін маңызды мәселелердің бірі. ЖЭО құрылысы бойынша инвестициялық жобаны белсенді түрде ілгерілетіп, конкурстық рәсімдер өткізіп, инвесторды және қаржыландыру моделін айқындау қажет. Жобаны жүзеге асыруға көп уақыт кетеді, сондықтан облыс алдында қаладағы жылу көздеріне сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеті тұр», — деді Әлихан Смайылов.
Энергетика министрлігіне әкімдікпен бірлесіп, әлеуметтік мазут сатып алу мәселесін пысықтау тапсырылды.