ҚР Энергетика министрлігінде Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс өтті

ҚР Энергетика министрлігінде Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс өтті

2021 жылғы 14 желтоқсанда ҚР Энергетика министрлігінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті.

ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев сала ардагерлерін, Министрліктің және ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерін Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылған баршамыз Тәуелсіздігімізді орнықтырудың ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгер саясатының нәтижесінде Тәуелсіз мемлекетімізді бірлесіп құруға мүмкіндік алғанымызды атап өтті.

«Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміздің дамуының жаңа стратегиялық бағыттарын анықтай отырып, тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына кірудеміз», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ ведомство Басшысы энергетика, мұнай-газ салаларында жұмыс істейтіндердің барлығына жанқиярлық еңбегі үшін алғыс айтып, тәуелсіздік жылдары саланың қол жеткізілген көрсеткіштеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Еліміз тәуелсіздік алғалы өндірудің өсу қарқынында айтарлықтай серпіліс байқалды. Отыз жылдың ішінде мұнай өндіру 3,5 есеге, газ өндіру 7 есеге ұлғайды.

Тәуелсіздік жылдары 1,7 млрд тонна мұнай және 790 млрд текше метр газ өндірілді, 1,4 млрд тонна мұнай экспортталды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша газ өндіру көлемі 55,1 млрд текше метрді құрады.

Отыз жылдың ішінде электр энергетикасы саласында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Олардың арқасында электр энергиясын өндіру 83 миллиардтан 108 миллиард квт/сағ дейін артты. Яғни 30%-ға ұлғайды.

Жаңартылатын энергия көздерін дамытудың да қарқыны жоғары. Қазіргі уақытта елде жаңартылатын энергия көздерінің 126 объектісі жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы қуаты 1975 МВТ-ты құрайды.

«Біз осы жетістіктермен тоқтап қалмауымыз қажет. Алдымызда мұнай-газ, энергетика саласын дамытудың жаңа белестері тұр. Осы жолда аянбай еңбек етіп, тәуелсіздіктің жаңа онжылдығында елімізді асқақтата берейік», - деп атап өтті ҚР Энергетика министрі М.Мырзағалиев.

Содан кейін ҚР Энергетика министрі шақырылған сала ардагерлерін, орталық аппарат пен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерін орден, медаль, Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттады.