Қазақстанда көмірсутекті кен орындарын игеру жобаларын іріктеу үрдісі айқын болмақ

Қазақстанда көмірсутекті кен орындарын игеру жобаларын іріктеу үрдісі айқын болмақ

2020 жылы Энергетика министрлігі базалық жобалау құжаттарына (барлау жұмыстарының жобасы, сынамалы пайдалану жобасы және көмірсутекті кен орындарын игеру жобасы) және көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы игеру талдауларына мемлекеттік сараптама жүргізу рәсімін қайта қарады. Атап айтқанда, тәуелсіз сараптама жүргізу тәртібі өзгеріп,  жер қойнауын пайдаланушылардың жобалау құжаттарын келісетін комиссия мүшелерінің саны артты.

 

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі жанындағы көмірсутегі кен орындарын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссия мұнай-газ кен орындарын барлауға және/немесе өндіруге лицензия алғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушылар ұсынатын кен орындарының жобалау құжаттарын келіседі. Оларға барлау жұмыстарының жобалары, сынамалы пайдалану жобалары және көмірсутегі кен орындарын игеру жобалары жатады.

 

Комиссия құрамы 2020 жылы 22 адамнан 33 адамға дейін ұлғайды, оның құрамына «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, заңды тұлғалар бірлестіктерінің өкілдері және көмірсутектер жөніндегі сарапшылар кірді. 2020 жылы Комиссияның 9 отырысы өтіп, 107 Жобалау құжаты қаралды. Оның ішінде 88 жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алса, 19 жоба теріс қорытынды алды.

 

Бұл ретте, негізгі өзгерістер жобалау құжаттарын тәуелсіз сараптау процесіне қатысты болды. Бұған дейін оны жүргізу үшін жер қойнауын пайдаланушылар сарапшыларды өздері тартқан болатын. 2020 жылдан бастап тәуелсіз сарапшылардың қызметін ұйымдастыруды «Энергетика министрлігінің Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы» АҚ жүзеге асырады, ол базалық жобалау құжаттары мен игеру талдауларына тәуелсіз сараптама операторы болып тағайындалды және келіп түскен базалық жобалау құжатына немесе игеру талдауына тәуелсіз сараптама жүргізу үшін шарттық негізде тәуелсіз сарапшыны айқындайды. Бұдан басқа, тәуелсіз сараптама жүргізу үшін кемінде үш тәуелсіз сарапшы тартылады, ал 2020 жылға дейін тек 1 сарапшы тартылған болатын. Ал олардың аты-жөндері комиссия отырысына дейін жер қойнауын пайдаланушылар үшін белгісіз болып қалады.

 

Жер қойнауын пайдаланушы –  «Қазақтүрікмұнай» ЖШС Бас директоры Талғат Исаев жаңа ережелерге түсініктеме бере отырып: «Жер қойнауын пайдаланушыға тағайындалған сарапшылардың деректері белгісіз, бұл олардың арасындағы байланыс мүмкіндігін жоққа шығарады. Сондай-ақ үш маман тартылғандықтан, сарапшылардың қорытындылары әртүрлі болуы мүмкін», - деп атап өтті.

Жер қойнауын пайдаланушылар жобалау құжаттарын кен орнын игеру басталар алдында ғана емес, оны игеру процесінде де Комиссияның қарауына ұсынуға міндетті. Мысалы, көмірсутектер кен орнын игеруді талдау нәтижелері бойынша кен орнын игеру жобасына өзгерістер енгізу қажеттігі туралы негізделген қорытынды және бекітілген көрсеткіштерден 10% - дан астам өзгерістер мен ауытқулар болған кезде, жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптамаға жататын кен орнын игеруге талдау жасалады, ол кемінде үш жылда бір рет орындалады.

 

«Жобалау құжатын жасау кезінде техникалық мүмкіндіктер шектеулі болуы мүмкін. Геология және игеру саласында жаңа ғылыми-техникалық шешімдердің пайда болуына байланысты Жобаның көрсеткіштері қайта қаралуы мүмкін, сондай - ақ көмірсутек шикізаты қорларының өзгеруі игеру жобасын толықтырып, Барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияда бекіту үшін негіз бола алады», - деп атап өтті Исаев.

 

Комиссияның тәуелсіз сарапшысы болып табылатын «ҚМГ Қарашығанақ» ЖШС Геология және игеру департаменті директорының орынбасары Нұрболат Қалмұратовтың айтуынша, қорытынды дайындау үшін тартылатын мамандар бір-бірін білмейді және отырысқа дейін кездеспейді. Мамандар зерттеу үшін жобалау құжаттарын тәуелсіз сараптама операторынан алады.

 

«Біз түсініктемелер беріп, оларды қорытындыға енгіземіз, содан кейін оны комиссия отырысында жариялаймыз. Көбінесе бір сарапшы келіспейді, қалған екеуі, керісінше, келіседі. Алайда, түпкілікті шешімді Комиссия мүшелері дауыс беру арқылы қабылдайды. Сондықтан бұл жерде тәуелсіз сараптамаға қатысты ауқымды жұмыс атқарылды. Ол шын мәнінде тәуелсіз болды, өйткені біз басқа сарапшылардың қорытындысын көрмейміз және бұл жобаны тағы кім зерттеп жатқанын білмейміз», - деп түсіндірді Қалмұратов.

 

«Жобалау  құжаттарын бағалауға қатысты комиссияның тәсілдеріне де өзгерістер енгізілді»,- деп атап өтті техникалық ғылымдар кандидаты, Атырау мұнай университетінің профессоры, Барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияның мүшесі Мәнсия Бабашева.

 

«Бұрын біз бір ғана сарапшының қорытындысы негізінде түбегейлі даму стратегиясын талқылайтынбыз. Қазір біз егжей-тегжейлерге, яғни игерудің қазіргі жағдайына, кен орындарының тиімсіз пайдаланылу себептеріне көбірек назар аударамыз. Сондықтан бізде әр жоба бұрынғыдан да қызу талқылануда, сонымен бірге әркімнің сөз сөйлеуге құқығы бар», - деп түсіндіреді комиссия мүшесі.

 

Ол сонымен қатар 2020 жылдан бастап жобаны қабылдамау немесе қабылдау туралы шешімді Барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияның мүшелері ашық дауыс беру арқылы таңдайтынын айтты. Бұдан басқа, комиссия құрамына Энергетика министрлігінің заң және маркетинг департаменттері де кірді, олар жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін – келісімшарттың мерзімдері мен шарттарын, жер қойнауын пайдалану міндеттемелерін бақылайды. Бабашеваның айтуынша, бұл шешім қабылдау кезінде комиссияның міндетін жеңілдетті.

 

«Мысалы, жер қойнауын пайдаланушы үш жылдық жобаны ұсынып, ал оның келісімшарты осы жылы аяқталатын жағдайлар да болды. Энергетика министрлігінің мамандары комиссияға осындай жағдайлар туралы хабарлайды, содан кейін біз жобаны тек келісімшарт кезеңіне ғана мақұлдаймыз. Бұл жағдайда «егер келісімшартты ұзартсаңыз –  жұмыс істейсіз» деген ереже қолданылады», - деп түсіндірді ол.

 

Сондай-ақ, комиссия мүшелері жобалау құжаттарын бағалай отырып, жер қойнауын пайдалану салдарын жоюға көп көңіл бөледі.

 

«Барлау немесе игеру жөніндегі әрбір жобада жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану салдарын жоюға арналған банктік салым сомасын негіздейтін бөлім бар. Барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияның әрбір отырысында біз өтініш берушінің банктік салым туралы банкпен шартының бар - жоғын нақтылаймыз», - деп қорытындылады Бабашева.