
Kazakhstan Energy Week – 2025 аясында Азия Даму Банкінің «Тұрақты энергетикалық шешімдерді қалыптастыру: жасыл дәліздер және әділетті көшу» атты панельдік сессиясы өтті.
Қатысушыларға ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов алғы сөз сөйледі. Негізгі спикерлер қатарында – Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Салли Аксуорси, ЕҚДБ-ның Қазақстандағы директордың орынбасары Ерлан Рамазанов, Дүниежүзілік Банктің Қазақстандағы Тұрақты Өкілі Андрей Михнев және АДБ-ның энергетика жөніндегі жетекші маманы Дэвид Эльзинга болды.
Сессия модераторлары ретінде АДБ-ның аға мамандары Нана Гургенидзе және Меутия Чаерани сөз алды. Қорытынды сөзбен АДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Утсав Кумар қатысушыларға жүгінді.
Талқылау барысында Орталық Азияда тұрақты энергетикалық шешімдерді ілгерілету мәселелері көтерілді. Қатысушылар «жасыл» энергетикалық дәліздерді дамыту, әділетті көшу стратегиялары мен өңірлік ынтымақтастық перспективаларын қарастырды. Сондай-ақ, АДБ-ның өңірлік интеграцияға қатысты бастамаларына, Қазақстанның таза энергетикаға көшуін жеделдетудегі рөліне, халықаралық қаржыландыру тетіктеріне және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
Сессия мемлекеттік органдардың, халықаралық қаржы институттарының және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктіріп, төмен көміртекті энергетикалық жүйелерді қалыптастыру мен тең экономикалық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуде кешенді шешімдердің маңыздылығын атап өтті.