
Халықаралық Digital Bridge 2025 форумының аясында энергетика секторының цифрлық трансформациясына және жасанды интеллект технологияларын енгізуге арналған панельдік сессия өтті.
Сессия қатысушылары алдында сөз сөйлеген ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс цифрландыру мен ЖИ қолдану мұнай-газ кешеніндегі процестердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, инфрақұрылымның сенімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтар мен бизнес үшін қосымша сервистер құруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан үш жыл ішінде заманауи технологиялар экономиканың барлық саласына енгізілген толыққанды цифрлық елге айналуы тиіс.
«Энергетика кешенінде цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу – бұл бүкіл саланы жүйелі түрде жаңғырту. Жасанды интеллект технологиялары қазірдің өзінде нақты нәтиже беруде, ал олардың ауқымдануы Қазақстанға энергетикада ЖИ қолдану бойынша көшбасшылық позицияларды иеленуге және цифрлық мемлекет құрудың берік негізін қалауға мүмкіндік береді», – деді Бақытжан Ілияс.
Осы тұрғыда Энергетика министрлігі бірқатар маңызды бастамаларды жүзеге асыруда: Цифрлық трансформация офисі құрылды, ТЭК-тің цифрлық трансформация картасы бекітілді, ақпараттық жүйелер мен деректер модельдерінің мақсатты архитектурасы әзірленді, бірыңғай салалық EnergyTech платформасы қалыптастырылуда.
EnergyTech саланы басқару экожүйесін құрайды, оған онлайн-деректер беруді және олардың қорғалуын қамтамасыз ететін SmartGrid және SmartField шешімдері кіреді. Платформа ТЭК басқаруында PDCA циклі бойынша бірыңғай тәсілді енгізуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде мұнайды, мұнай өнімдерін, жанар-жағармайды, сұйытылған газды бөлу, мұнай өнімдерінің айналымы және тарифтерді бекіту бойынша цифрлық сервистер іске асырылды.
Жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылдан бастап министрлік жанында Энергетикада ЖИ дамыту жөніндегі акселерациялық топ жұмыс істейді. Оның құрамына ЖИ комитеті, саланың жетекші компаниялары және халықаралық серіктестер қатысуда. Сессия барысында Siemens Energy, Honeywell, Huawei және PowerChina сияқты ғаламдық технологиялық компаниялар өз шешімдерін ұсынды.
Масштабтауға дайын табысты пилоттық жобалар қатарында: ақауларды 98%-ға дейін дәлдікпен анықтайтын ЛЭП-тің интеллектуалды дефектоскопия жүйесі, ЖИ мен роботтандырылған кешендерді пайдалана отырып жылу желілерін құбырішілік диагностикалау, газ есептегіштердің көрсеткіштерін автоматты тануға арналған «ЖИ-ассистент» мобильді қосымшасы бар.
Бөлек атап өтілген жоба – Энергетика министрлігінің Ситуациялық-талдамалық орталығының іске қосылуы. Ол қазірдің өзінде ЖЖМ мен электр энергиясы саласында мониторинг және хабарландыру функцияларын орындайды, ал болашақта тәуекелдерді басқарудың және жедел шешімдер қабылдаудың негізгі құралына айналады.