Маңғыстауда қуаттылығы 150 млн.текше метрлік жаңа газ жобасы іске қосылды

Маңғыстауда қуаттылығы 150 млн.текше метрлік жаңа газ жобасы іске қосылды

Маңғыстау облысындағы Тасбулат кен орнында жаңа газ жобасы іске қосылды. Жобаны Президент жолдауы аясында «Тасбулат Ойл Корпорэйшн» ЖШС ҚР Энергетика министрлігінің үйлестіруімен және ұлттық компаниялар мен салалық серіктестердің қатысуымен іске асыруда. Оның мақсаты - энергетикалық тәуелсіздікті нығайту, ішкі ресурстық базаны кеңейту және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету.

Жобаның алғашқы кезеңінде газ өндіру көлемі жылына шамамен 50 млн м³ құрайтын болады, ал болашақта бұл көрсеткіш 150 млн м³ дейін ұлғаяды. Шикізат «Қазақгаз өңдеу зауыты» ЖШС қуаттылықтарында өңделіп, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ға жеткізіледі.
Жобаны іске асыру «QazaqGaz» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-мен бірлесіп атқарылған ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды. Энергетика министрлігі жобаның барлық кезеңін тікелей қолдап, үйлестіріп отырады.

Жобаның іске қосылуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықты қолжетімді энергия ресурстарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жақын арада Қызылорда және Атырау облыстарында да осыған ұқсас жобаларды іске қосу жоспарланып отыр, бұл газ өндіру мен өңдеу көлемін айтарлықтай арттыруға септігін тигізеді.