2018 жылғы 15 мамырда ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2018 жылдың 4 айындағы Министрлік қызметінің нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында сөз сөйледі. Мұнай және конденсат өндіру көлемі 29,9 млн. тоннаны құрады, яғни 2017 жылдың ұқсас кезеңіне 5,9% өсімді көрсетті. Үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 17,9 млн. тоннаны құрады: Қашағанда – 3,8 млн.тонна, Теңізде – 9,9 млн.тонна және Қарашығанақта - 4,2 млн. тонна. Мұнай экспорты 24,1 млн. тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,3% өсімді көрсетті. Мұнай өңдеу көлемі 5,1 млн. тоннаны құрады, яғни 2017 жылдың ұқсас кезеңіне 12%-ға артты. Үш мұнай өңдеу зауыты 3,6 млн. тонна көлемінде мұнай өнімдерін өндірді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 7,1%-ға артық. Жалпы алғанда мұнай өнімдерінің нарығындағы жағдай тұрақты және жанар-жағар май тапшылығы байқалмайды. Ішкі нарықтың қажеттілігін бір айлық көлемде толық жабуға жанар-жағар май қалдықтарының мөлшері жеткілікті: бензин бойынша – 338 мың тонна, дизель отыны бойынша – 282 мың тонна. Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге көктемгі егіс жұмыстарына дизель отынын жеткізу графигі шеңберінде 375 мың тонна дизель отыны жеткізілуі тиіс, оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауыты арқылы 92,3 мың тонна, Павлодар мұнай-химия зауыты арқылы 195,6 мың тонна және ПКОП (Шымкент) арқылы 87,1 мың тонна. Газ өндіру көлемі 18,7 млрд. текше метрді құрады, яғни 2017 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 6,1%-ға өсті. Газ экспорты 6,7 млрд. текше метрді құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,1%-ға артық. Ағымдағы жылдың төрт айында 1,024 млн. тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5% артық. Мұнай битумы өндірісі 187 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65%-ға артық. 12 мың тонна битум экспортталды (Тәжікстанға, Қырғызстанға). Электр энергиясын өндіру 38 млрд. кВтсағ құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық. Көмір өндіру көлемі (көмір концентратын есепке алмағанда) 36,8 млн. тоннаны құрады, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 3,2% артты. Ішкі нарыққа 26,8 млн. тонна көмір жеткізілді, көмірдің жалпы көлемінен 8,6 млн. тонна экспортталды. Уран өндіру көлемі 7137 тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 96,8% көрсетті. Аталған көрсеткіштің төмендеуі уранның әлемдік нарықтағы қолайсыз бағасына байланысты.
ҚР Энергетика министрлігінің Баспасөз қызметі