2018 жылдың 15 мамырында Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2017-2018 жж. жылыту маусымының өту қорытындысы және 2018-2019 жж. жылыту маусымына дайындық жөніндегі міндеттер туралы айтып өтті.
I. 2017-2018 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңнің өтуі.
2017-2018 жж. күзгі-қысқы кезең ұйымдасқан түрде, штаттық режимде өтті. Тұтастай алғанда Қазақстанның энергия кәсіпорындары тұрақты жұмыс істеді. Тұтынушыларға электр және жылу энергиясын жеткізу шарттар мен кестелерге сәйкес тұрақты қамтамасыз етілуде.
Қысқы ең жоғары жүктеме 2018 жылғы 28 қаңтарда (сағат 19-да) белгіленді және 14 615 МВт-ты құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 4,5 %-ға немесе 625 МВт-қа көп.
Отандық электр станцияларында генерация 14 997 МВт деңгейінде белгіленді, бұл алдыңғы жылыту кезеңінен 8% -ға немесе 1 188 МВт көп.
Энергия кәсіпорындарының негізгі жабдықтарында жоспарланған күрделі және кеңейтілген ағымдағы жөндеулер іс жүзінде толық көлемде орындалды. 2017 жылы электр станцияларында 10 энергоблок, 59 қазан және 39 турбина, 638 орталықтандырылған қазандық, 24,3 мың км. электр беру желілері жөнделді.
229 энергетикалық кәсіпорыннан 2017-2018 жж. күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын 189 энергетикалық кәсіпорын алды.
Өткен күзгі-қысқы кезеңде электр станцияларында және электр желілерінде өткен кезеңмен салыстырғанда технологиялық бұзылулардың саны 12% -ға, 1 877-ден (16-17 жж. күзгі қысқы кезеңі) 1 669 жағдайға дейін (17-18 жж. күзгі қысқы кезеңі) төмендеді.
Өткен жылыту кезеңінде елдің электр станцияларында ірі технологиялық бұзушылықтарға жол берілген жоқ.
Ағымдағы күзгі-қысқы кезеңде электр станцияларында электр генерацияның толық төмендеуінің 26 жағдайы белгіленді, бұл өткен жылғы деңгейден 26%-ға аз.
Өткен күзгі-қысқы кезеңде жылумен жабдықтау кәсіпорындарының жергілікті атқарушы органдармен бекітілген жылу желілері жұмысының температуралық кестесін сақтамауының 65 жағдайы байқалды, бұл өткен жылғы деңгейден 269-ға аз.
Өткен күзгі-қысқы кезеңде, тұтастай алғанда, энергия көздерінде пайдаланылатын отын қорының қажетті мөлшері қамтамасыз етілді.
II. 2018 – 2019 жж. күзгі –қысқы кезеңге дайындық
Тұтастай алғанда алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық бекітілген кестелерге сәйкес жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2015 жылғы 15 сәуірдегі № 29-ө өкіміне сәйкес энергия кәсіпорындарында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысына мониторинг ұйымдастырды және айына екі рет Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат жолдайды.
Жүйелік оператор бекіткен Бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеу кестесіне сәйкес ағымдағы жылы 8 энергоблокты, 56 қазанды, 45 турбинаны жөндеу жоспарланған.
Ағымдағы жылғы мамырдың бірінші он күндігінде 2 энергоблоктың (жылдық көлемнің 25%), 4 қазанның (жылдық көлемнің 7%) және 4 турбинаның (жылдық көлемнің 15%) жөндеу жұмыстары аяқталды. Жөндеудің әртүрлі кезеңінде 2 энергия блогында, 17 қазанда және 8 турбинада жұмыстар жүргізілуде.
Жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.
2018-2019 жж. күзгі-қысқы кезеңді ойдағыдай өткізу үшін:
1. Электр станцияларында барлық дайындық және жөндеу жұмыстарын кестелерде белгіленген мерзімде орындау;
2. Энергия көздерінде нормативті отын қорын сақтау қажет.