Қуаты 50 МВт күн электр станциясының құрылысын Азия Даму Банкі және Таза Технологиялар Қоры бірлесіп қаржыландырады
ЖЭК-ті дамыту – Қазақстан Республикасы басымдықтарының бірі
• ЕҚҚДБ, Азия Даму Банкі және Таза Технологиялар Қоры қуаты 50 МВт Байқоңыр-Солар күн паркін бірлесіп қаржыландырады.
• Қазақстандағы бірінші бірлесіп қаржыландырылатын ЖЭК жобасы
• Жоба CO2 шығарындыларын 75,000 тоннаға төмендетеді
Жаңартылатын энергия көздері саласындағы халықаралық қаржыландырудың бірінші бірлескен жобасында Байқоңыр ғарыш айлағының арқасында белгілі болған орталық Қазақстан өңірінде орналасқан Байқоңырда қуаты 50 МВт күн электр станциясының құрылысын қаржыландыру үшін ЕҚҚДБ Таза технологиялар қоры (ТТҚ) және Азия даму банкімен (АДБ) бірлесіп кредит алады.
Қаржы пакеті ЕҚҚДБ-дан теңгемен берілетін 30 000 000 АҚШ долларына дейінгі және Таза технологиялар қорынан АҚШ доллары мен еврода берілетін 10 400 000 АҚШ долларына (8 786 000 АҚШ доллары және 1 312 195 АҚШ доллары) дейінгі мөлшердегі екі қамтамасыз етілген кредиттен тұрады.
Қазіргі уақытта ЕҚҚДБ Қазақстандағы ЖЭК жобаларына жобалық қаржыландыру беретін жалғыз қаржы институты болып табылады.
Инвестициялар жалпы қуаты 50 МВт дейінгі тұрақты күн электр станциясын және оңтүстік Қазақстандағы Қызылорда облысында жаңа кіші станцияны әзірлеу, салу және пайдалануға беруге жұмсалады. Жаңа жоба CO2-ның жыл сайынғы шығарындыларын 75 000 тоннаға төмендетуге алып келеді.
Бұл ЕҚҚДБ жаңартылатын энергия көздері бағдарламасының шеңберінде бекітілген бесінші жоба. Қазіргі уақытта ЕҚҚДБ Қазақстан экономикасына 8,7 млрд. АҚШ долларынан аса қаржы салды. United Green жеке меншік британ инвестициялық холдингінің 100-пайыздық еншілес компаниясы – «Байқоңыр Солар» ЖШС қарыз алушы болып табылады.
Ынтымақтастық және жобаны қолдау туралы келісімге ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев және ЕҚҚДБ бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринк қол қойды.
ҚР Үкіметі қабылдаған жаңартылатын энергия көздері саласындағы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қазіргі уақытта айтарлықтай көлемде шетелдік және отандық инвестициялар тартылуда, аталған Келісімге қол қою соның дәлелі болып табылады.
Келісім жобаны іске асыруға және еліміздің мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарымен көзделген жаңартылатын энергия көздері саласындағы нысаналы индикаторларға қол жеткізуге үлес қосады, өңірде қосымша жұмыс орындарын құруға және шетелдік инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.