2020 жылғы 10-14 ақпан аралығында қазақстандық делегация Вена қаласында (Аустрия) Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА) ұйымдастырған үшінші «Физикалық ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференциясына: күш-жігерді қолдау және нығайту» (ICONS 2020) қатысты. Қазақстандық делегациясының құрамына ҚР Энергетика министрлігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ-ның өкілдері кірді.
Іс-шара физикалық ядролық қауіпсіздікті нығайту бойынша жаһандық күш-жігерді шоғырландыруға, физикалық ядролық қауіпсіздік саласында ақпарат алмасу мен озық тәжірибені таратуға, ұлттық физикалық ядролық қауіпсіздік режимдерін, сондай-ақ жаһандық деңгейде физикалық ядролық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.
Конференция физикалық ядролық қауіпсіздік саласындағы тәжірибе мен жетістіктер, қазіргі көзқарастар, болашақ бағыттар мен басымдықтар туралы пікір жасап шығару және алмасу форумы болып табылады. Конференцияға министрлік сегменті, жоғары деңгейдегі саяси пікірталастар және параллельді техникалық сессиялар кіреді.
10 ақпанда конференция аясында АЭХА-ның Бас директоры Рафаэль Мариано Гроссимен (Rafael Mariano Grossi) қазақстандық делегациясының кездесуі өтті. Кездесу барысында Қазақстан мен АЭХА арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды. Кездесуде қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары
Е.Н. Ашықбаев басқарды.
Сонымен қатар, ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Қаракөзов Батыржан Көмекбайұлы мен АҚШ Энергетика министрлігінің Ядролық қауіпсіздік бойынша Ұлттық басқармасы басшысының Бірінші орынбасары Брент Парк (Brent Park) арасында кездесу өтті. Кездесу барысында энергетика, сондай-ақ ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ядролық қаруды таратпау режимін нығайту саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды.
11 ақпанда ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Б.К. Қаракөзов ядролық физикалық қауіпсіздік туралы баяндама жасады. Баяндамада әлемдегі ядролық қауіпсіздікті нығайту бойынша халықаралық күш-жігер шеңберіндегі Қазақстанның қазіргі тәжірибесі мен жетістіктері баяндалды.
Конференция қорытындысы бойынша физикалық ядролық қауіпсіздікті нығайту бойынша жаһандық күштерге әсер етуге арналған министрлік декларациясы қабылданды. Сонымен қатар, АЭХА-ның 2022-2025 жылдарға арналған ядролық қауіпсіздік жоспары ұсынылды.