Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінің жуырдағы отырысы барысында берген электр энергиясына арналған қолданыстағы тарифтерді қалыптастыру мәселесі бойынша тапсырмаларын орындау мақсатында, сондай-ақ "Электр энергетикасы туралы" Заңға сәйкес Энергетика министрлігі 2019 жылғы қаңтардан бастап электр қуаты нарығын енгізу шеңберінде энергия өндіруші ұйымдар топтары үшін электр энергиясына шекті тарифтердің негізделген деңгейін анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.
Әзірленген кестеге сәйкес 2019 жылға арналған шекті тарифтердің деңгейін анықтау үшін 2018 жылғы электр энергиясын өндірудің өзіндік құны қарастырылатын тыңдалымдар өтеді.
Бүгінгі таңда "Қазақмысэнерджи" ЖШС, "Топар басты таратқыш энергия станциясы" ЖШС, "3-Энергоорталық" АҚ Шымкент ЖЭО, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ ЖЭО-2 және ЖЭО-ПВС, "Согра ЖЭО"ЖШС материалдары қарастырылуда.
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электр энергиясы нарығымен қатар электр энергиясын өндіру секторының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етуге бағытталған электр қуаты нарығы жұмыс істейтін болады.
Қуат нарығын енгізгеннен кейін электр энергиясына арналған қолданыстағы тариф екі құрамдас бөлікке бөлінеді: электр энергиясына арналған тариф және қуатқа арналған тариф.
Шекті тариф, өз кезегінде, бұл энергия өндіруші ұйымдар тобы үшін электр энергиясына берілетін тарифтің (бағаның) бекітілген ең жоғары шамасы.