Қазақстанда энергия қуатына қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін электр энергиясының электрондық сауда алаңы жаңғыртылады
Сауда тетігін және «сатушы-сатып алушы» жұбын анықтау тәртібін жетілдіру мақсатында шұғыл келісімшарттар бойынша электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу шарттары өзгертілді, деп хабарлайды ҚР ЭМ баспасөз қызметі.
Қазақстанда электр энергиясын «сатып алу-сату» орталықтандырылған жүйесін жүзеге асыру үшін орталықтандырылған «сауда алаңы» жұмыс істейді, оның операторы – «КОРЭМ» АҚ.
Талдау көрсеткендей, бұл «сауда алаңы» (СА) сатушылар мен сатып алушылар арасында айлалы әрекет және мәмілелер жасауға мүмкіндік берді: яғни, екі тарап өзара мәміле жасау үшін бір мезгілде жүйеге кіру туралы алдын ала уағдаласу мүмкіндігіне ие болды, осылайша төмен баға ұсына алатын басқа әлеуетті сатып алушылардың құқықтарын бұзды.
Бұдан басқа, СА жүйесі сатушылар мен сатып алушылардың атауын көрсетеді, яғни егер тізімде бірінші болып ізделмейтін тұтынушы тұрса, онда сатушылар да, сатып алушылар да өтінім бермеу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай жүйе кемсітушілік жағдай туғызды, бұл кезде тығыз қаржылық қатынастар және СА қатысушылары арасындағы келісім тұтынушылардың сұранысын толық көлемде қанағаттандыруға мүмкіндік бермеген.
Осыған байланысты 2020 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бұйрығымен Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастырудың жаңа қағидалары бекітілді.
Елеулі өзгерістердің бірі – сатып алушылардың өз бағалық артықшылығымен бірінші кезеңде (30 минут ішінде) «шығуы» болып табылады.
Екінші кезеңде - сатушылардың өтінім беру мүмкіндігі және сұраныс қанағаттандырылған жағдайда – жұптарды автоматты түрде қалыптастыру. Ең маңыздысы – сауда жүйесіндегі барлық іс-әрекеттер атаусыз жасалып, қатысушылар арасындағы сөз байласу факторы іс жүзінде алып тасталды.
Қағидалар мен бағдарламалық қамтамасыз етудің осы өзгерістері тұтынушылардың қол жеткізуіне кедергі келтірмейтін шарттарды жасауға мүмкіндік берді.
Жоғарыда көрсетілген өзгерістерді апробациялау мақсатында ағымдағы жылғы 28 қаңтарда «КОРЭМ» АҚ алаңында орталықтандырылған сауда-саттықты ұйымдастырудың жаңа тетігін пайдалана отырып, электр энергиясының имитациялық сауда-саттығы өткізілді.
Имитациялық сауда-саттыққа электр энергиясының көтерме сауда нарығының 49 объектісі қатысты, олардың 42-сі ұсынылған өтінімдер бойынша сауда жүйесінде мәмілелер жасасты.