Көптеген ғалымдардың, сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың бағалауынша, Жердің климаттық жүйесінің Цельсий бойынша орташа температурасының бұдан әрі 1,5 градусқа жылынуы экономикалық жағдайды және жер шарындағы миллиондаған тұрғындардың тіршілік ету ортасын күрделі өзгеріске душар етуі мүмкін.
Климаттың жаһандық деңгейде өзгеру мәселесі барлық әлемдік державалардың және ірі халықаралық ұйымдардың күнтізбесінде отыз жылдан астам уақыт бойы елеулі орындарда тұр. Біздің еліміз де осы шаралардан тыс қалып отырған жоқ.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының Киото хаттамасына «Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгерісі туралы шектеулі конвенциясының Киото хаттамасына Қазақстан Республикасының қол қоюы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 12 наурыздағы Жарлығымен қол қойылды, сондай-ақ, ол «Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 26 наурыздағы заңымен ратификацияланды. Осылайша Қазақстан әлемдегі ең танымал экологиялық уағдаластықтарға қосылды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында «Бүгінде әлемдік қоғамдастық үшін жаһандық энергетикалық дағдарыстың тереңдеуі және планетада қолайсыз климаттық өзгерістер қатерінің өсе түсуі аса өткір проблемалар болып табылады. Біз бұл проблемаларға «8 тобы» және АТЭҚ басшыларының алаңдаушылық білдіруін бөлісеміз. БҰҰ аясында Жаһандық энергиялық-экологиялық стратегияны әзірлеп, оны 2012 жылғы Тұрақты даму жөніндегі Бүкіләлемдік саммитте талқылау орынды болар еді», деп атап көрсеткен болатын.
Мемлекет басшысы 2011 жылы жарық көрген «Ғаламдық қоғамдастықтың радикалды жаңару және өркениеттер серіктестігінің стратегиясы» атты еңбегінде көмірсутектерді энергия тасымалдаушы ретінде тиімсіз пайдалану ақыр соңында адамзат пен табиғаттың экологияға бұдан әрі озбырлық жасауын болашақта көтере алмайтын жағдайға жеткізетіндігін айтып, осы көзқарас тұрғысында біз қазірдің өзінде энергиялық-экологиялық дағдарыстың, экологиялық апаттың қарсаңында тұрмыз деп жазған болатын.
Мемлекет басшысының бастамасымен Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдері арасында тиімді экологиялық серіктестікті жүргізу мақсатында «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы құрылған болатын. 2012 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Бүкіләлемдік саммитте Қазақстан дүниежүзіне «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын және Жаһандық энергиялық-экологиялық стратегиясын таныстырды. Аталған құжаттар әлемдік форумға қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды, ал Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы атты бастамасы әлемдік қауымдастықта тұрақты даму бойынша өңіраралық бастама ретінде қолдау тапты, бұл «Біз қалайтын болашақ» «Рио+20» БҰҰ-ның Тұрақты даму бойынша конференциясының қорытынды декларациясында көрсетілді.
2015 жылдың 13 қарашасында Астанада Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ұйымдастыруымен болған ірі экологиялық форум – «Жасыл көпір – озық жобалар мен инновациялар үшін серіктестік платформасы» халықаралық конференциясы болып өтті. «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы бастамасы ұсынылғаннан бері бар болғаны бес жылдың ішінде оның Хартиясына келесі 14 ел – Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Грузия, Германия, Моңғолия, Беларусь, Черногория, Латвия, Албания, Финляндия, Венгрия, Болгария және Швеция, сондай-ақ, 6 мемлекеттік емес ұйым: «Фин Су Форумы» қауымдастығы, «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы», «G-Global халықаралық хатшылығы» қауымдастығы», «ҚазАльянс» қоғамдық бірлестігі, «Жанатау» клубы ұйымы, «GREEN BRIDGE & G-GLOBAL» қоғамдық қоры мүше болды.
Осыдан үш жеті бұрын «Жасыл көпірге» қосымша тағы алты үкіметтік емес ұйым қосылды. Олар: «Қазақстан-Германия қоғамы» (Германия), «ЮНИСОН» ҚФ (Қырғызстан), «Грин Пикъ» ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШО (Ресей), «Азаматтық бастамаларды қолдау қоры» (Тәжікстан), «Түркиядағы Green PIK» (Түркия), «MTU Rohilinesild» (Эстония). Осылайша «Жасыл көпір» бастамасының қатары жылдан-жылға артып келеді.
Ағымдағы жылдың 30 қарашасында Парижде бүкіләлемдік экологиялық саммит – БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына мүше елдердің 21-ші конференциясы басталды, конференция жұмысы 11 желтоқсанға дейін жалғасатын болады. Париж форумы қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық экологиялық серіктестік және өзара іс-қимыл тарихын өзгертетін кезең болуы мүмкін, себебі, бұл күндері ұлттық жағдай мен мүмкіндікті ескере отырып, климаттың ұзақ мерзімді өзгеруі салдарының алдын алуды және оған бейімделуді, парниктік газдардың шығарындыларын азайтуды көздейтін мүше елдердің үлестерін және міндеттемелерін орындау жөніндегі ережелерден құралған климаттық келісімге қол қойылады деп күтілуде.
Қазақстан Республикасының Париж саммитіне мұқият әзірленуі мақсатында «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасының қарашада Астанада өткен форумында «Париждегі тараптар кездесуіне Қазақстанның міндеттемелері», «БҰҰ РКИК – WWF/UNEP тараптарының Париж кездесуінен күтетін нәтижелері, міндеттері мен мақсаттары» атты тақырыптар қарастырылды. «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы шеңберінде өткізілген форум нәтижесінде Энергетика министрлігі Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органы ретінде Париж саммитіне бірқатар ұсыныстар әзірледі. Біздің еліміздің өкілдері БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының іс-шараларына белсенді түрде қатысады, сондай-ақ, біз қазақстандық идеялар халықаралық қолдауға ие болады деп үміттенеміз.
Жаңа климаттық келісім индустриялық кезеңмен салыстырғанда мүше-мемлекеттердің температураның өсуін 2°C деңгейінде ұстап тұруын көздейтін жаһандық мақсатты қарастыруы тиіс деп жоспарлануда. Ол көрсеткішке қол жеткізу үшін барлық мемлекеттер Париж келісімінің құрамдас бөлігі ретінде INDC (intended nationally determined contribution), яғни парниктік газдардың шығарындыларын азайту бойынша міндеттемелерін ұсынулары тиіс.
Саммитте парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша салымдарды барлық дамыған елдер міндетті түрде орындауы тиіс, ал дамушы елдер үшін шығарындыларды азайту ерікті негізде жүзеге асырылуы қажет деген келісілген шешімдер қабылданады деп болжанып отыр.
Қазақстан Республикасы INDC Конференциясына өз тарапынан 2030 жылға дейін парниктік газдардың антропогендік шығарындыларын 15%-ға шектеу және қысқарту (шартсыз мақсат), сондай-ақ, 1990 жылғы базалық 25 %-ға қатысты (халықаралық қолдауды алған жағдайдағы шартты мақсат) өзінің анықталған салымын ұсынады.
Төмен көмірсутекті және «жасыл» стратегия жолымен дамуды таңдап отырған елдер үшін, сондай-ақ, климаттың өзгеруіне бейімдеу, климаттың өзгеруі саласындағы талдау және зерттеу, технологиялар трансферті, экономиканы жаһандық декарбонизациялау бойынша жұртшылықты ақпараттандыру мәселелері біздің ел тарапынан форумда айтылатын басымдықтар болып табылады.
Бүгінгі күні Қазақстанның Энергетика министрлігі қауіпті шығарындылар мен қалдықтарды бақылауды жүзеге асырады және олардың түзілуін регламенттейді, өндірістік үрдістерге тазартудың заманауи технологияларын және зиянды заттарды қауіпсіз түрде кәдеге жаратуды енгізуді қолдау сияқты түрлі тетіктерді қолданады, жаңғырмалы энергия көздерін пайдалануды дамытуға жетекшілік етеді, сондай-ақ, Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшуі тұжырымдамасы шеңберіндегі іс-шараларды қадағалайды.
2013 жылдың 30 мамырында Президент Жарлығымен Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы, сондай-ақ, осы Тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы құжатта атап өтілгендей, қабылданған «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің «жаңа саяси бағыты» елді дамудың «жасыл» жолына көшіруге негізделген экономиканың тұрақты және тиімді моделін құруға нақты бағдарлар белгілейді.
Қазіргі таңда Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде Су ресурстарын басқару бойынша бағдарлама және оны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді, «2014-2050 жылдарға арналған қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бағдарламасы» бекітілді, Қазақстан Республикасы Президенті жанынан «Жасыл экономикаға» көшу бойынша кеңес құрылды.
Осылайша, әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі болғандықтан «жасыл экономиканы» және парниктік газдар мен ластаушы заттардың шығарындыларын қысқарту бойынша Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау саласында жүйелік мемлекеттік саясат жүргізеді, халықаралық экологиялық ұйымдардың қызметіне белсенді түрде қатысады. Сонымен қатар, біз жалпы барлық әлемдік қоғамдастық тәрізді БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына мүше елдердің 21-ші конференциясында жаңа Климаттық келісімге қол қою мемлекетаралық өзара қарым-қатынастың жаңа дәуірін ашатындығына сенімдіміз. Бұл ретте қоршаған ортаны қорғау саласындағы барлық іс-әрекеттер БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына мүше елдердің барлығына ортақ болады деп күтілуде.
Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы 2017 жылы «Болашақ энергиясы» ұраны астында өтетін Халықаралық ЭКСПО көрмесін қабылдайды, бұл жөнінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Біріккен Ұлттар Ұйымының «Баршаға арналған тұрақты энергетика» бастамасын қолдау үшін Астанада 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен бүкіләлемдік көрме өтеді. Барлық мемлекеттерді көрмені дайындауға және өткізуге қатысуға шақырамыз», деген болатын.
Владимир ШКОЛЬНИК,
Энергетика министрі.