Құрметті мырзалар!
Өздеріңізге мәлім, 2017 жылы еліміздің отын-энергетикалық секторының көрсеткіштері рекордтық деңгейге жетті. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің 2018 жылға арналған алғашқы кезектегі міндеті өсімнің белгіленген даму қарқынын ұстап қалу және саланы одан әрі дамытуға ынталандыру болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауында Елбасы он нақты міндет қойды. Оның ішінде цифрландыру және еліміздің ресурстық әлеуетін одан әрі дамыту істері ерекше орынға ие.
Қазіргі уақытта бүкіл дүниежүзі бойынша мұнай және газ индустриясының компаниялары әртүрлі қызмет түрлерінің қауіпсіздігін, экологиялылығы мен үнемділігін жақсартатын техникалық, цифрлық сипаттағы инновацияларды енгізіп жатыр.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі квазимемлекеттік компаниялармен бірлесіп «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына келесідей іс-шараларды қосты:
1. «Интеллектуалды кен орындары» («Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ) ақпараттық жүйесі
Интеллектуалды кен орындары – бұл жұмыс жасап тұрған кенішті оңтайлы пайдалану үшін орталықтағы басқару пультіне ұңғымадан тіке ақпарат беретін инновациялық технологиялы кен орны.
«Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының кен игеруші активтерінде өндірісті басқарудың заманауи кешенді жүйесін құру өндірілетін мұнайдың саны мен сапасын арттыруға және мұнай өндіруші кәсіпорындағы («Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ) операциялық шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.
2017-2018 жылдары «Ембімұнайгаз» кен орындарында (С. Нұржанов, Ақтөбе, Досмұхамбетов, Батыс Прорва кен орындары) және «Қазгермұнайгаз» ЖШС БК кен орындарында (Ақшабұлақ, Нұралы, Ақсай кен орындары) «Интеллектуалды кен орындары» технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Жалпы инвестиция сомасы 700 млн. теңге.
2019-2020 жылдары «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқа кен орындарында енгізу жоспарланған.
Жалпы, іс-шара өндіру өсімін 3%-ға арттыруға, МАК-ты (экономикалық) 2-5%-ға арттыруға және шығындарды 5-15%-ға кемітуге мүмкіндік береді.
Мысалға, 2016 жылы «Ембімұнайгаз» компаниясы «Уаз интеллектуалды кен орны» бастапқы жобасының нәтижесімен таныстырды. 2016 жылдың қорытындысы бойынша қосымша өнім алу 773 тоннаны, ал электр энергиясын үнемдеу 33%-ды құрады.
Алдын-ала болжам бойынша, ҚМГ ӨБ-ның 14 кен орнында цифрлық кен орнының таралымын арттыруға салынатын инвестиция 25 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде. Жалпы өндіруді тұрақтандыру және энергия тиімділігін арттыру есебінен қол жететін экономикалық нәтиже 56 млрд. теңгеге бағаланып отыр.
2. «АМӨЗ» ЖШС-де, «ПМӨЗ» ЖШС-де, «ПКОП» ЖШС-де («Қазмұнайгаз» АҚ) техникалық қызмет көрсету мен жөндеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу.
Техникалық қызмет көрсету мен жөндеудің авоматтандырылған жүйесін енгізу (ТҚЖЖ) МӨЗ-дерге МӨЗ-дерді пайдаланудың жөндеу аралық 3 жылдан кем емес мерзіміне өтуге мүмкіндік береді.
Жобаны іске асырудың негізгі тиімділіктері:
- құрал-жабдық сенімділігінің 8-10%-ға артуы;
- жөндеуге арналған шығынның қазіргіден 10%-ға қысқаруы;
- күрделі жөндеулерге тоқтап тұру мен кідірудің қысқаруы есебінен өңдеу көлемінің жылына 300 тоннаға дейін артуы.
2016-2018 жылдары МӨЗ-дердің меншікті қаражаты есебінен құйылған инвестиция - 10,5 млрд. теңге, оның ішінде ТҚЖЖ-ны автоматтандыруға - 3,8 млрд. теңге.
3. Мұнай есебінің ақпараттық жүйесі (Энергетика министрлігі)
Мұнайды өндіру, дайындау, өңдеу, тасымалдау, сақтау, өткізу, тиеп-жөнелту, шығару көлемдері туралы ақпаратты автоматты түрде жиналған, өңделген және пайдаланылған мұнай есебі бақылау құралдарынан онлайн тәртіпте беріліп отырады. Бұл мұнайдың көлеңкелі айналымын қысқартып, салық жиналымын арттыруға мүмкіндік береді.
2019-2025 жылдары талап етілетін мемлекеттік инвестициялар– 4,8 млрд. теңге.
1 кезең. Әзірлеу және енгізу 2019-2021 жылдары – 2,7 млрд. теңге;
2 кезең. Сүйемелдеу 2022-2025 жылдары – 2,08 млрд. теңге.
Бұл сала жаппай түрде цифрландыруды қажет етеді. Ашықтықты қамтамасыз ету және көлеңкелі айналым деңгейін төмендету мақсатында есепке алудың бақылау құралдарын пайдаланумен тауарлық мұнай өндіру есебін жүргізуге арналған жүйесі енгізілетін болады.
Мұнай-газ саласын цифрландыру өзіндік құнын қысқарту есебінен табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Процестерді цифрландыру және автоматтандыру барлық процестерді оңтайлы етіп, адами факторларды жоюға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, мұнай-газ саласының барлық қызметі бір дерекқорда жүзеге асырылатын цифрлық ортадағы жұмыс тексеруші мемлекеттік органдар тарапынан болатын таңдамалы және жоспарлы тексерістер санын қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл бизнес ортасына деген қысымды азайтып, бизнес қызметін жеңілдетеді.
Киберқауіпсіздік мәселесі цифрландырудың ажырамас бөлігі болып табылады. Жобаларды іске асыру барысында ақпараттық жүйелерді, желілерді және бағдарламалық өнімдерді санкцияланбаған шабуылдардан қорғау жөніндегі шараларды қарастыру қажет.
Бүгінгі форум «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға ықпал етеді. Форумға қатысушыларға жұмыстарының жемісті болуын, іскери байланыстар орнатуды және көздеген жоспарларын іске асыруларын тілеймін