2019 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Санкт-Петербург қаласында (Ресей) өтіп жатқан Мұнай Кеңесінің Болашақ Көшбасшыларының 6-шы форумына қатысты.
Форум мұнай-газ саласындағы орталық іс-шаралардың бірі болып табылады және әлемдік мұнай кеңесіне (ӘМК) кіретін 70 елдің бірінде үш жылда бір рет өткізіледі.
Форум аясында Қ. Бозымбаев «Энергетиканы трансформациялау: Болашақ картасы» атты панельдік сессияда сөз сөйледі. Бұл сессияға Ресей Федерациясының Энергетика министрі А. Новак, Әзірбайжанның Энергетика министрі П. Шахбазов және ӘМК Президенті Тор Фьеран қатысты.
Сессия барысында қатысушылар энергетикалық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер, әлемдік энергетика саласының ағымдағы жағдайы мен даму болашағы жөнінде пікір алмасты.
Өз сөзінде Қ. Бозымбаев Қазақстанның энергетикалық әлеуеті, энергетикалық саланы жаңғырту және елдегі жаңартылатын энергия көздері секторын дамыту туралы айтып, ЖЭК объектілері санының өсуі мен олардың қуатының жыл сайын ұлғаюын атап өтті.
Сондай-ақ, ОПЕК пен ОПЕК + елдерінің жаһандық мұнай нарығын тұрақтандыру және әлемдік мұнай бағасының құбылмалығын төмендету бойынша бірлескен іс-әрекеттерін үйлестіру маңыздылығы атап өтілді.
ҚР Энергетика министрлігінің Баспасөз қызметі