2019 жылғы 22 сәуірде Нұр-сұлтан қаласында «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК (ҚР ҰЯО) мен Корея ядролық таратпау және бақылау институты («KINAC») арасында ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандумға ҚР ҰЯО-ның бас директоры, профессор Эрлан Батырбеков пен KINAC президенті, доктор Сок Чул Ким (Sok Chul Kim) қол қойды.
Тараптар бұл Меморандум ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік саласында ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды механизмі болады және аталған саладағы технологияларды жетілдіріп, әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосады деп есептейді.
Осы Меморандум шеңберінде қатысушылар келесі бағыттар бойынша ақпарат алмасу жолымен ынтымақтастықты жүзеге асыруға уағдаласты:
- ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік саласындағы технология;
- ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік саласындағы зерттеулер мен әзірлемелер;
- ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік саласындағы білім және оқыту.
Сапар қорытындысы бойынша Корей тарапы бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағында ядролық қару сынақтарының инфрақұрылымы мен зардаптарын жою жөніндегі жұмыстардың нәтижелеріне жоғары баға беріп, бұрынғы Семей Сынақ Полигондағы (ССП) ядролық қарусыздану мәселесін шешудегі Қазақстанның тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді.
ҚР Энергетика Министрлігінің Баспасөз қызметі