2019 жылғы 22 сәуірде Атырау облысы бойынша экология департаменті (бұдан әрі – Департамент) табиғат пайдаланушылар мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен «Өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелде қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары талқыланып, оларды жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қабылданды.
Қазақстан Республикасының A. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы № 577 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамада және «Қазақстан жолы - 2050 Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында елді дамытудың негізгі міндеттері айқындалған, олардың бірі қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру болып табылады.
Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамада қалдықтарды өңдеу үлесін 2030 жылға қарай 40% - ға дейін, 2050 жылға қарай 50% - ға дейін жеткізуді көздейтін нысаналы индикаторлар айқындалған.
Табиғат пайдаланушылардың есептілігіне сәйкес 2018 жылы 271 043 тонна өнеркәсіптік қалдықтар пайда болды, оның 75,3% - ы қайта өңделді, ал қалыптасқан 204 160 тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 1,6% - ы сұрыптау жолымен қайта өңделген.
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) енгізілген өзгерістерге сәйкес, Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Қ. Хайрулла қалдықтармен жұмыс істеуге қатысты экологиялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігі туралы атап өтті.
Мәселен, Кодекстің 301-бабының 1-тармағына сәйкес полигондарда көму үшін қалдықтардың мынадай түрлерін қабылдауға тыйым салынады: жарылыс қаупі бар, коррозиялық, тотықтандырылатын, жоғары өрт қаупі бар немесе от қаупі бар болып табылатын сұйық, қауіпті қалдықтар; сумен реакцияға түсетін қалдықтар; медициналық немесе ветеринариялық мекемелерден түсетін қалдықтар; шиналар мен олардың фрагменттері; тұрақты органикалық ластағыштар, пестицидтер бар қалдықтар; пластмасса қалдықтары, пластик, полиэтилен және полиэтилентерефталат қаптамасы, макулатура, картон және қағаз қалдықтары; құрамында сынап; металл сынықтары, литийлі, қорғасын-қышқылды батареялар, электрондық және электр жабдықтары.
Кодекстің 300-бабының 3-1-тармағына сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтарды алдын ала өңдеусіз көмуге тыйым салынады.
Кодекстің 303-бабының 10-тармағына сәйкес қалдықтарды орналастыру полигонының жобасында оны жапқаннан кейін ластануды жабу, қалпына келтіру және мониторинг жүргізу және бақылау үшін жою қорын құру көзделуге тиіс.
Баяндамада Атырау қаласында полигонның жаңа объектілерін және қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу объектілерін салу үшін инвесторларды, сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде жергілікті кәсіпкерлерді тарту қажеттілігі, сондай-ақ ескі полигонды қалпына келтіру қажеттігі туралы айтылды.
Дөңгелек үстел барысында табиғат пайдаланушыларға қалдықтарды есепке алу, қайта өңдеу және залалсыздандыру бойынша жеке жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ қалдықтар көлемінің түзілуін азайту бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі туралы тапсырмалар берілді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша шешім қабылданды:
1. Жергілікті атқарушы органдарға:
- коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;
- қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына теріс әсерді азайту мақсатында иесіз қалдықтармен жұмыс істеу бойынша іс-шаралар өткізуді қамтамасыз ету;
- полигондарда коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, қайталама пайдалану, орналастыру бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін қажетті инфрақұрылым құру және жұмыс істеуін көздеу;
- коммуналдық қалдықтарды рұқсатсыз жағуға жол бермеу бойынша бақылауды қамтамасыз ету.
2. Табиғат пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етсін.