Оңтүстік Қазақстан облысындағы екі бірдей елді мекенге көгілдір отын берілді. Соның бірі Шардара ауданына қарасты Алатау батыр ауылы қыстың қамын жеңілдетті.
Облыс орталығынан екі жүз шақырымдай қашық жатқан Алатау батыр ауылының халқы бұл күнді көптен күткен. Енді міне, Шардара ауданындағы 1200-ден астам отбасы табиғи газға қол жеткізіп мәре-сәре.
Шардара ауданының әкімі Қамытбек Айтөреевтің айтуынша, бұл Елбасымыздың халыққа жасап жатқан, халықтың әл-ауқаты тұрмыс жағдайы жақсару үшін жасап жатқан үлкен жолдауларының орындалуының бір көрінісі болып жатыр. Ұзын ата ауыл округінде газ бар еді. Бүгін Алатау батыр ауылы округінде газ қосылды.
Бұл ауқымды жұмысқа мемлекет қазынасынан 1 млрд 300 млн теңге қаржы жұмсалды. Бұған дейін Шардарадағы Ұзын ата ауылының халқы табиғи отынға қол жеткізген болатын.
Енді алдағы күндері 8 мың тұрғыны бар Көксу ауылдық округіне толықтай көгілдір отын беріледі деп күтілуде. Шардара ауданы әкімі 2017 жылға дейін бүкіл елді мекен газбен қамтылатынын айтты.
Астана т/а