Отырысқа ҚР Энергетика министрлігінің, «Атамекен» ҰКП, «KAZENERGY» қауымдастығының жұмыс берушілері мен қызметкерлердің салалық бірлестіктерінің, салалық кәсіподақтардың өкілдері, сондай-ақ мұнай-газ кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында салалық комиссия төрағасының орынбасары, ҚР Энергетика министрлігі Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары Б.Маханов кадрлық өзгерістерге байланысты Салалық комиссия құрамына өзгерістер енгізуді ұсынды. Ұсынылған кандидатураларды Салалық комиссия мүшелері мақұлдады.
2020-2022 жылдарға арналған ҚР мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ-химия салаларында Салалық келісімді әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жұмыс нәтижелері туралы «КАZENERGY» қауымдастығының адами капиталды дамыту жөніндегі департаментінің директоры А.Құсайынова сөз сөйледі. Жұмысты жалғастыру және салалық комиссияның кезекті отырысына Салалық келісімнің алдын ала жобасын келісуге шығару туралы шешім қабылданды.

Мұнай-газ саласындағы салалық біліктілік шеңберін (СБШ) және кәсіби стандарттарды (КС) әзірлеу бойынша ағымдағы жағдай туралы «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ («ҚМГИ» АҚ) Техникалық реттеу және НТҚ әзірлеу департаментінің директоры Г. Баймағанбетованың ақпараты тыңдалды. Бүгінгі күні СБШ және КС әзірлеу жөніндегі іс-шаралардың егжей-тегжейлі жоспары бекітілді, жұмыс тобы құрылды, «Мұнай мен газды барлау және өндіру», «Мұнай мен газды тасымалдау және сақтау», «Мұнай мен газды өңдеу және сату» бағыттары бойынша мұнай-газ саласына талдау жүргізілді. Талдау нәтижелері «ҚМГИ» АҚ және «KAZENERGY» қауымдастығының ресми сайттарында орналастырылған. Қазіргі уақытта СБШ әзірлеу жалғасуда.
Еңбек жанжалдарының алдын алу және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттануды азайту бойынша кәсіпорындарда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, ТШО компаниясы және «Мұнай сервистік компаниялар одағы» ЗТБ өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.
«Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы С.Қалиев салалық кәсіподақтардың бірлестігіне кіретін компаниялардың еңбек ұжымдарындағы ағымдағы жағдай туралы Салалық комиссияны хабардар етті.
Соңында Салалық комиссияның төрағасы, ҚР Энергетика Вице-министрі Ә.Мағауов Салалық комиссия мүшелеріне одан әрі жіберу үшін отырыс хаттамасына қол қойды.