Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қырғыз Республикасымен электр энергиясының тауар айналымы жөніндегі мәміленің бағасын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қазандағы № 839 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«Қырғыз Республикасымен және Тәжікстан Республикасымен электр энергиясымен тауар айналымы жөніндегі мәміленің бағасын белгілеу туралы»;
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Трансферттік баға белгілеу туралы» 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 10-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен және Тәжікстан Республикасымен электр энергиясының сыртқы сауда тауар айналымы мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастық және Қазақстанның оңтүстік өңірлерін электрмен жабдықтаудағы тұрақсыз жұмыстың тәуекелін азайту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Бір күнтізбелік жыл шеңберінде баламалы көлемде электр энергиясымен өзара алмасу шарттарын сақтаған кезде Қырғыз Республикасы тарапынан «Электр станциялары» ашық акционерлік қоғамы мен Қазақстан Республикасы тарапынан «АлматыЭнергоСбыт», «Samga Development», жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арасында жасалатын Тәджік Республикасы тарапынан «Барки Точик» ашық акционерлік қоғамы мен Қазақстан Республикасы тарапынан «Энергопоток» жауапкершілігі шектеулі серіктестік арасында жасалатын электр энергиясының тауар айналымы мәмілесінің бағасы 1 (бір) киловатт сағат үшін 0,0000001 АҚШ доллары мөлшерінде белгіленсін.».
2. Осы қаулы 2019 жылғы 26 маусымдан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының А. Мамин
Премьер-Министрі